Cәресінің пайдасы мол, сондықтан оны жіберіп алмауға тырысқан жөн.
Ораза ұстаушылар үшін сәресі – күндізгі аштыққа төтеп беруге көмектесетін маңызды ас. Алайда кейде адам түрлі себептермен сәресін өткізіп алуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сәресі ішу – парыз емес. Егер адам оны өткізіп алса, оразасы бұзылмайды. Ол ештеңе ішіп-жеместен күннің батуын күтіп, ауыз ашуы керек. Оразаның негізгі шарты – таң намазы уақыты кіргеннен бастап күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылу. Сондықтан сәресіз қалу оразаның дұрыстығына әсер етпейді, - делінген ҚМДБ хабарламасында.
Дегенмен, сәресінің пайдасы мол, сондықтан оны жіберіп алмауға тырысқан жөн.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сәресінің берекелі уақыт екенін атап өткен. Оның сахабаларының бірі Әнас ибн Малик (р.а.) былай деген:
"Сәресін ішіңіздер, себебі сәресінде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресін тастамаңдар. Себебі сәресіне тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешірім тілейді."