Елімізде әйелдердің білім деңгейі ерлерден жоғары.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл мерекенің жалпы тарихтағы орны ерекше. Себебі ол – жай мереке емес, әйелдердің құқығы мен қоғамдағы жетістігін атап өтетін маңызды мереке. Әдетте «8 наурыз» десе, әдемі сыйлықтар мен құшақ-құшақ гүлді елестетеміз. Дегенмен бұл күннің тарихы ХХ ғасырдың басында әйелдердің еңбек жағдайын жақсарту мен тең құқыққа қол жеткізу мақсатындағы күрестен туындаған.
8 наурыздың шын тарихы
1908 жылы Нью-Йоркте мыңдаған әйел еңбек жағдайын жақсарту, жалақының тең болуын талап етіп, көшеге шықты. Себебі бұған дейін АҚШ-та әйел мен ер адамға төленетін жалақыдағы айырма өте көп болып, еңбек жағдайында да біраз мәселе болған. Бірақ сол жылы әйелдер шеруге шығып, биліктен бұл жайтқа назар аударуын табанды түрде талап етеді. Осы оқиғадан кейін 1910 жылы Клара Цеткиннің бастамасымен Копенгагендегі халықаралық социалистік әйелдер конференциясында 8 наурызды «әйелдер құқығы үшін күрес күні» ретінде белгілеу ұсынылды. Ал 1977 жылы БҰҰ 8 наурызды ресми түрде «Халықаралық әйелдер күні» деп жариялады.
Әлемде 8 наурыз қалай тойланады?
Әлемнің көптеген елінде бұл күн әйелдердің жетістігін атап өтумен қатар, олардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелерін көтеретін арнаулы дата ретінде қарастырылады. Әрине, қазақ қоғамына да жаһандық тенденциялар ықпал етсе керек, 2021 жылы 8 наурызда Алматыда 1000-нан аса адам қатысқан бейбіт шеру өтті. Мереке күндері әйелдер ара-тұра өз пікірін айтып, алаңға шығатыны болмаса, дәл 2021 жылдағыдай жағдайелімізде әлі қайталанбады. Ал әлемде жағдай әралуан. Мысалы, Италияда әйелдерге мимоза гүлін сыйласа, Қытайда кейбір компания әйел қызметкерлерге түстен кейін демалыс береді. Болгарияда бұл күнге адамдар аса мән бере қоймайды. Ал Батыс елдерінің ішінде Испанияда әйелдер құқығын қорғау және зорлық-зомбылыққа қарсы шерулер өтіп тұрады.
Қазақстандағы әйелдер мәселесі
Қазақстанда 8 наурыз көктем мен әйелдер мерекесі ретінде тойланады, бірақ бұл күн гендерлік мәселелер туралы ойлануға да себеп болуға тиіс.Қазақстанда әйелдердің қоғамдағы рөлі жыл санап артып келеді. Сөйте тұра гендерлік теңдікке қатысты шешімі күрмеулі мәселелер әлі де бар.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан халқының 48,6%-ын әйелдер құрайды. Парламенттегі әйелдер үлесі 30%-ға жуық, бірақ жоғары басшылық қызметтерде олардың саны аз. Ерлер мен әйелдердің жалақы айырмашылығы шамамен 25%,бұл гендерлік теңсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді. Жұмыссыздардың 60%-дан астамы – әйелдер, себебі олар жұмыс пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүреді. Статистика өте жақсы цифрларды көрсетпесе де, соңғы жылдары Қазақстанда оң өзгерістер байқалады. Мәселен, бизнес, саясат, ғылым салаларында әйелдердің саны артып келеді. Оған қоса жалақы теңсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау және мансаптық өсу мүмкіндігі секілді мәселелер әлі де өзекті. Тұрмыстық зорлық-зомбылық демекші, былтыр ғана қабылданған Заңның арқасында қазір қылмыскерлерді жазалау күшейді. Және бұған дейін әйелдерді аяусыз ұрып-соққандар әкімшілік жазамен құтылса, қазір олар «қылмыскер» саналып, түрмеге қамалады.
Саясат пен білім саласындағы әйелдер
Қазақстанда әйелдердің саяси белсенділігі жыл сайын артып барады. Бүгінде Парламенттің Мәжілісінде 28, ал Сенатта 9 әйел депутат қызмет атқарады. 2020 жылы елде саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30%-дық квота бөлінуі міндеттелді. Бұл бастама олардың саяси шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді араласуына жол ашты. Елімізде әйелдердің білім деңгейі ерлерден жоғары. Статистикаға сүйенсек, әйелдердің 73%-дан астамы жоғары білімді, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш шамамен 61%-ды құрайды. Бұл олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді, дегенмен осыған қарамастан басшылық қызмете әйелдердің үлесі әлі де төмен. Оған қоса Қазақстанда әйелдер мен ерлер арасындағы еңбекақы төлеу алшақтығы әлі де сақталып отыр. Әйелдердің орташа айлық жалақысы ерлерге қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл орынсыз үрдіс болашақта қаржылық тұрақсыздық қаупін тудырады.
Сонымен айтпақ ойымыз мынау, әрине, 8 наурыз – әйелдердің жетістігін атап, мерейін өсірумен қатар, қоғамдағы тең құқықтарды қамтамасыз ету мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды күн. Десе де Қазақстанда әйелдерге жалақыны азырақ төлеу, басшылық қызметке көп тағайындамау, «дәстүр» атауын жамылып, ұрып-соғу сияқты мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жалпы гендерлік теңдікке қол жеткізу – тек әйелдер үшін ғана емес, күллі қоғам үшін маңызды қадам. Сондықтан еліміздегі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін жай думандатып, сыйлық алып қайтатын мереке деп қана емес, үлкен мәнге ие мереке екенін еске түсіріп отырғанымыз жөн.