Премьер-министр су тасқынына байланысты тапсырма берді.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқыны кезеңінің басталуына аз уақыт қалғанын айтып, жауапты органдарға тапсырма берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс, - деді Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ол жақын арада осы мәселе бойынша республикалық жедел штабтың отырысын дайындауға тапсырма берді.