Мемлекет басшысы экономикалық реформаға қатысты нақты пікірін айтуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин 14 наурызда өтетін Ұлттық құрылтай отырысында қандай мәселе көтерілуі мүмкін екеніне болжам жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Президент осыдан жарты жыл бұрын әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаға қатысты мәселе көтеретінін айтты. Алайда ертең Президенттің не айтатынын білмейміз. Бірақ бірінші кезекте кейбір саяси реформаларды әрі қарай жетілдіру жайында ұсыныстар болуы мүмкін деп ойлаймын. Одан басқа экономикамызды көріп отырсыздар, бюджетте тапшылық бар, кешегі Салық кодексіндегі өзгерістер дау туғызып жатыр, - деді депутат.
Оның айтуына қарағанда, Мемлекет басшысы экономикалық реформаға қатысты нақты пікірін айтуы мүмкін.
Екіншіден, әлеуметтік мәселелер тыс қалмайды деп ойлаймын. Қоғамда қордаланған мәселелер бар. Иә, көбін шешіп жатырмыз, заң қабылдап жатырмыз. Десек те, әлі шешімін табатын мәселелер бар. Сондықтан ертең Президент осы бағаттарда келелі ұсыныстар айтады деп ойлаймын, - деді Еділ Жаңбыршин.