14.03.2025, 19:20

Ақтөбе әкімдігі қала орталығында 214 млн теңгеге фонтан орнатпақшы

Коллаж: Sn.kz

Ал актөбеліктер қалаға бұл қомақты қаржыға қандай субұрқақ салынатынын талқылап жатыр.

Ақтөбеде жаңа субұрқақ салуға 214 миллион теңге бөлінбек. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Time.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл жоспар туралы Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Уристемова қала әкімі Азамат Бекет пен депутаттарға жасаған баяндамасында айтты.

Қызығы, өткен жылдың қыркүйегінде бюджет "Абай бульварында субұрқақ орнату" үшін мемлекеттік сатып алу жариялаған болатын. Алайда, 191 миллион теңге тұратын конкурс өтпей қалған. Егер қазіргі жоба сол өткен жылғы жоба болса, бес ай ішінде оның құны айтарлықтай өскен.

Ал актөбеліктер қалаға бұл қомақты қаржыға қандай субұрқақ салынатынын талқылап жатыр. Мысалы, орталық саябақтағы "отты элементтері бар қалқымалы субұрқақты" орнату 450 миллион теңгеге түскен. Ол өткен жылдың күзінде таныстырылған болатын. Оған қоса, 2024 жылы жергілікті субұрқақтарды жөндеуге кемінде 230 миллион теңге бөлінген.

Дегенмен, билік бұл жобаны кейінге қалдыруы немесе мүлдем бас тартуы мүмкін. Себебі, ел президенті бюджет қаражатын үнемдеуді талап етуде.