16.03.2025, 14:30

Алматыдағы қоқыс әкімдік назар аудармайтын мәселе ме?

Коллаж: sn.kz

Тұрғындардың шағымдарына қарамастан, әкімдік бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруге асығар емес.

Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполистердің бірі. Бірақ қала тазалығы мен инфрақұрылымына қатысты мәселелер шешімін таппай келеді. Қаланың әр түкпірінде қоқыс жәшіктері толып, айналасына қалдықтар шашылып жатқанын жиі көруге болады. Бұл мәселені жергілікті тұрғындар бірнеше рет көтергенімен, әкімдік тарапынан нақты әрекеттер байқалмайды. Бұған қала әкімі Ерболат Досаев пікір білдіріп жүр ме?... Осы мәселеге қатысты Skifnews.kz ақпарат порталы қала тұрғындарының шағымына назар салды. 

Қоқыс жәшіктері қашан тазаланады?

Қаладағы тұрғын үйлердің маңында, базарлар мен аялдамаларда қоқыс жәшіктерінің уақытында тазаланбайтыны туралы шағым көп. Әсіресе, халық көп жүретін орындарда бұл мәселе ерекше өзекті. Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде лас аумақтардың суреттерін бөлісіп, биліктен жауап күтеді. Бірақ бұл шағымдарға қала әкімі Ерболат Досаев пен әкімдік қызметкерлері әлі күнге дейін нақты жауап бермеген.

Экологиялық қауіп және санитарлық жағдай

Қала көшелерінде шашылған қоқыстар тек эстетикалық мәселе емес, сонымен қатар экологиялық және санитарлық қауіпке де алып келеді. Алматы – тау самалы мен таза ауасымен мақтанатын қала. Алайда тазалыққа салғырт қарау салдарынан көшелерде жағымсыз иістер пайда болып, зиянкестер көбейе бастаған. Бұл әсіресе жаз мезгілінде, одан бөлек көктемде үлкен проблемаға айналады.

Халық не дейді?

Қала тұрғындары бұл жағдайға наразы. Кейбір тұрғындардың пікірінше

«Ырысты көшесі 46/6 алдындағы қоқысты алып тастасаңыздар. Ол жерге 7 үйдің адамдары қоқыс тастайды. Және қоқысты таңғы 4-те адамдар шырт ұйқыда жатқанда, келіп алады. Барлық үйдің қоқысын 46/6, 1 подъезд иіскейді. Бомждар жүретін жерде балалар ойнайтын алаң бар. Үлкен қоқыс жәшігі неге көшенің бойында тұр?», – деп жазды Алматылық бір тұрғын.

Айтылған пікір жақында ғана жазылған. Суретке қарап, қоқыстың бей-берекет қалай шашылып жатқанын анық көруге болады.

Әкімдік үнсіз…

Тұрғындардың шағымдарына қарамастан, әкімдік бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруге асығар емес. Қала басшысы Ерболат Досаевтың назарынан бұл мәселе тыс қалмауға тиіс, өйткені тазалық – қала тұрғындарының денсаулығы мен жайлылығы үшін аса маңызды.

Не істеу қажет?

Қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтер бұл мәселеге жедел назар аударуы қажет. Қоқыс шығару жүйесін жетілдіріп, қоқыс жәшіктерін жиі тазалау керек. Сондай-ақ, тұрғындар өз құқықтарын талап етіп, жергілікті билікке ресми түрде шағымдануды жалғастырғаны жөн. Алматы – таза, әдемі және жайлы қала болуы тиіс. Бірақ бұл үшін әкімдік халықтың даусын естіп, нақты шаралар қабылдауы керек.