$ 503.15  543.3  5.93

Қазақстанда ана мен бала өлімі азаймай тұр: депутат шұғыл шара қабылдауды ұсынды

Ең сорақысы, 2023 жылмен салыстырғанда 5 өңірде нәресте өлімінің саны артқан.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстанда ана мен бала өлімі азаймай тұр: депутат шұғыл шара қабылдауды ұсынды Қазақстанда ана мен бала өлімінің көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтеріп, саладағы проблемалар мен олардың шешу жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сәби өлімі: сандар не дейді?

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 6 жылда 19 128 нәресте шетінеп кеткен. Тек 2024 жылдың өзінде 2 598 сәби перзентханадан емес, мәйітханадан шығарылған. Ең сорақысы, 2023 жылмен салыстырғанда 5 өңірде нәресте өлімінің саны артқан. Бұл – Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау облыстары, - деді Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы.

Ана өлімі де азаймай тұр

Депутаттың мәліметінше, 2019 жылдан бері 563 әйел босану кезінде көз жұмған. Әсіресе, Жетісу, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында ана өлімі күрт өскен. 2024 жылы қайтыс болған аналардың 54%-ы қала тұрғыны болса, 46%-ы ауылдық жерлерде өмір сүрген. Сонымен қатар, 4 және одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көрсеткіші артып, 97 бала анасыз қалған.

Перзентханаларда орын жоқ, маман жетіспейді Мәселе тек өлім-жітім көрсеткішінде емес. Мәселен, елорданың өзінде перзентханаларда 550 орын тапшы. Ал ел бойынша 389 акушер-гинеколог жетіспейді. Қазір жұмыс істеп жүрген 4 702 акушер-гинекологтың тек 438-і (21%) ғана акушерлік операциялардың барлық түрін жасай алады, - деді Нартай Аралбайұлы.

Жабдықтар ескірген, инфрақұрылым нашар Кейбір перзентханалар халықаралық талаптарға сай келмейді. Депутаттың айтуынша, көптеген медициналық мекемеде оттегі жеткізгіші, вакуумдық жүйе, қабылдау бөлімдері, экспресс-диагностика жүргізетін зертханалар жоқ. УДЗ, анестезия, ҚСТ анализаторлары сияқты маңызды аппараттар жетіспейді.

Не істеу керек?

Мәжіліс депутаты ана мен бала өлімін азайту үшін бірқатар шұғыл шараларды ұсынды:

1. Дәрігерлердің жалақысын көтеру – жеке секторға кетіп жатқан мамандарды ұстап қалу үшін.

2. Өңірлерге дәрігер тарту – көтермеақы және тұрғын үй бағдарламасын іске қосу.

3. Балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру – мықты мамандар даярлау үшін.

4. Шалғай ауылдарда жүкті әйелдерге арналған пансионаттар салу – ауыр жүктілігі бар аналарға алдын ала күтім жасау.

5. “Патронаждық медбике” лауазымын енгізу – жүкті әйелдерді бақылау жүйесін күшейту.

6. Перзентханалар мен балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту – заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда әр облыста заманауи денсаулық сақтау орталықтарын салу туралы тапсырма берген еді. Депутат осы мәселені де көтеріп, үкіметтен нақты әрекет күтетінін мәлімдеген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары