29.03.2025, 00:30

«Ене, сіздікі дұрыс емес»: Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы ажырасудың себептерін атады (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Ене де өзіне дейінгілерден көргенін істейді.

 

Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, ажырасудың белең алып бара жатқанына жауапкершіліктің төмендігі себеп болып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Жауапкершіліктің аздығы, жүректе мейірімділіктің жоқтығы және эгоцентристік дүниелердің белең алуы, яғни қара басын бәрінен жоғары қою ажырасуға себеп болып отыр. Мысалы, қазір психология “өз шекараңды қорға, ешкімге есеңді жіберме, ешкім сені басынбасын” дегенді көп айтады. Бұл бір қарағанда дұрыс. Иә, әркім өзінің құқын қорғауы керек. Есесін жібермеуі керек. Бірақ даналық деген дүние бар. Үлкен шекара мен кіші шекара қақтығысқан кезде қайсысын таңдайсыз? Әрине, сіз үлкен шекараны таңдайсыз. Мысалы, ене мен келіннің арасында көптеген қақтығыс, түсінбеушілік болып жатады. Себебі ене бұрынғы заманның адамы, оның құндылықтары бөлек. Оның қалыптасқан дүниелері бөлек, - деді дінтанушы.

Оның сөзінше, ене де өзіне дейінгілерден көргенін істейді.

Әжелерінен, енесінен не көрсе, соны келінінен көргісі келеді, келінінен талап етеді. Ал енді қазір жастар басқа. Олардың құндылықтары да басқа. Әлем қазір үлкен ауылға айналып отыр. Әлемде кімнің ақпарат құралы, киносы, экономикасы күшті болса, сол қоғамда қалыптасқан құндылықтар бүкіл әлемге танылып жатыр. Ол кино, музыка, мультфильм болып кіріп жатыр. Дәлірек айтқанда, әлемнің құндылықтары әр үйімізге интернет арқылы кірді. Бұрын ондай емес еді, ақпарат жетіспейтін. Бір ауылда қандай әдет болса, сол ортақ еді. Адамдар бірдей ойлайтын. Енді айтқым келгені, жастар енелері көрмеген әртүрлі құндылықтарды, ақпараттарды бойына сіңірді. Олардың өздерінің қабылдаған бір әлемі бар. Бірақ ене бұрын өз енесінен, бұрынғы қоғамнан көрген дүниелерді келінінен талап ете бастайды. Сөйтіп келіннің ойы басқа, енені ойы басқа болады. Осылайша екеуінің құндылықтары қарама-қайшы болады, - деп айтты Қайрат Жолдыбайұлы “Желмая” жобасына берген сұқбатында.

Ол осындай кезде “Келін не істеуі керек?” деген сұрақ туындайтынын айтты. Сөзінше, кейде енелердің әрекеттері де дұрыс болмайды.

Қазіргі заманның өлшемімен кейде енелердің де әрекеті дұрыс болмай жатады. Сол кезде “шекараңды қорға, ол енең не кім болса да, басындырма, орнына қой, сенен олай талап етпесін” дейді. Осы екі ортада күйеуі ыңғайсыз жағдайға түсіп қалады. Күйеуге не анасын не әйелін таңдау қиынға соғады. Осындай жағдайлар кейде отбасының шырқы бұзылуына әкеліп соғады. Келін күйеудің керек екенін, балаларына әкесінің керек екенін түсініп, енесінің әрекеттеріне көзді жұма салуы керек. “Ене, сіздікі дұрыс емес” деп, біке айта салмай, даналықпен басқаша жеткізу керек, - деп кеңесін айтты ол.

Сөзінше, отбасының шырқы бұзылуы осы данасыздықтан.