Жоспардың басты мақсаты – қоғамдағы нашақорлық деңгейін төмендету және есірткі саудасымен күресті күшейту.
Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес мемлекеттік деңгейде жүйелі және кешенді түрде жүргізілуде. Бұл бағытта бірқатар маңызды құжаттар қабылданып, арнайы бағдарламалар іске асырылуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Соңғы екі жылға арналған жүйелі жоспар
2023 жылдың шілде айында Үкімет нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бұл құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында әзірленді. Жоспардың басты мақсаты – қоғамдағы нашақорлық деңгейін төмендету және есірткі саудасымен күресті күшейту. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет 53,1 млрд теңге бөлді.
Кешенді жоспардың негізгі бағыттары:
Заңнамалық өзгерістер
2025 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы есірткі, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған жаңа заңға қол қойды. Бұл құжат есірткі өндірісін ұйымдастырушыларға қатаң жаза қарастырып, кейбір жағдайларда есірткіні жасырын орналастырушыларға қатысты жазаны жеңілдету мүмкіндігін көздейді. Мысалы, есірткі өндірісін ұйымдастырған лауазымды тұлғалар үшін жазаның ең ауыр түрлері қарастырылған: олардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Арнайы операциялар және олардың нәтижелері
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен басқа да мемлекеттік органдар есірткі бизнесіне қарсы белсенді түрде күрес жүргізуде. 2024 жылдың басынан бері ҰҚК 96 арнайы операция ұйымдастырып, оның нәтижесінде 24 халықаралық және 17 өңірлік есірткі тасымалдау арнасы жойылды, 16 жасырын есірткі зертханасы анықталды. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі мен психотроптық заттар тәркіленді.
Алдын алу шаралары
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында жастар мен жасөспірімдерге бағытталған кешенді профилактикалық шаралар қолға алынуда. Барлық өңірлерде есірткіге қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бір айдың ішінде 1800-ден астам іс-шара өткізілді. Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес кешенді жоспарлар, заңнамалық өзгерістер және арнайы операциялар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы мен қоғамның белсенділігі бұл бағыттағы шаралардың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Есірткінің құрбандары күн санап жасарып, таралу арналары түрленіп келеді. Бұрын есірткіні қолдану тек белгілі ортада байқалса, қазір интернет пен әлеуметтік желі арқылы кез келген адам оған оңай қол жеткізе алады. Әсіресе синтетикалық есірткілердің арзан әрі жедел тәуелділік тудыратын түрлерінің көбеюі қоғам үшін дабыл қағарлық жағдайға айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық проблемасын жиі көтеріп келеді. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ол заманның залалды кеселі туралы тағы да айтты.
«Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», - деді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы Қазақстан Үкіметі 2023–2025 жылдарға арналған «Есірткіге қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын» бекітті.
• 2024 жылы Қазақстанда есірткіге қатысты 15 мыңға жуық қылмыс тіркелді;
• Олардың 60%-ы – синтетикалық есірткіге қатысты;
• Қала тұрғындары – негізгі тұтынушылар;
• Орташа жас – 16-25 жас аралығы;
• Есірткімен алғашқы танысу көбіне дос арқылы немесе әлеуметтік желіде болады.
Жамбыл облысында бір ғана «NarkoShekteuTaraz» Telegram-ботының көмегімен 2 986 сайт бұғатталып, 500-ден астам есірткі жарнамаланған граффити жойылды. Облыста есірткі саудасымен айналысқан 38 ұйымдасқан топтың жолы кесілді.
2024 жылы өткізілген есірткіге қарсы республикалық айлық аясында 5 414 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде:
• 310 акция,
• 103 семинар,
• 427 дәріс,
• 359 кездесу өткізілген.
Бұл шараларға 280 мыңнан астам жасөспірім мен жас қатысқан.
2023 жылы Қазақстан АҚШ бастамасымен құрылған «Жаһандық синтетикалық есірткіге қарсы күрес коалициясына» қосылды. Бұл бірлестік мүше елдер арасында тәжірибе алмасуға, бірлескен операциялар жүргізуге, заңсыз трафикті тоқтатуға мүмкіндік береді. Қазақстан Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдерімен есірткі трафигіне қарсы бірлескен рейдтер өткізуде.
Қазақстанда цифрлық технологиялар да белсенді қолданылып жатыр. Мысалы:
• NarkoStop, NarkoShekteu атты Telegram-боттар арқылы азаматтар анонимді түрде есірткі саудасына қатысты ақпарат бере алады;
• ІІМ жасанды интеллект арқылы есірткі жарнамаланатын жазбаларды автоматты түрде анықтай бастады;
• Қазіргі таңда Google және Meta платформаларымен серіктестік орнатылып, есірткіге қатысты контентті автоматты бұғаттау жүргізілуде.
Қазақстанда нашақорларға арналған оңалту орталықтары мен психоәлеуметтік көмек көрсету кабинеттері ашылуда. Мысалы, Павлодар, Алматы, Астана қалаларында Павлодар облысында 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы медициналық тексеру кабинеттері іске қосылды. Онда 8 түрлі есірткіні анықтайтын тест қолданылады. Бұл – айтарлықтай жетістік. Қазіргі таңда елімізде жалпы саны 17 наркологиялық орталық бар. Бірақ бұл орталықтар көбіне ірі қалаларда орналасқан. Ауылдық аймақтарға қолжетімділік әлі де шектеулі.
“Есірткіге тәуелді адам – қылмыскер емес, науқас. Еуропа елдерінде оларды қудаламай, ерікті түрде емделуге жағдай жасайды. Қазақстанда мұндай жолмен келгендер де, өкінішке қарай, жазаланып жатыр,” – дейді заңгер Нұржан Айтбеков.
Мемлекет жастармен ашық жұмыс істеуге көшіп жатыр.
Мысалы:
• ЖОО-ларда арнайы наркопрофилактика клубтары құрылуда;
• Экс-нашақорлармен кездесулер өткізіліп, шынайы өмірлік мысалдар негізінде ақпарат беріледі;
• Жастар ұйымдары мен еріктілер тобы әлеуметтік желіде ақпараттық науқан жүргізуде.
Қорытындылай келе, еліміздегі есірткіге қарсы күрес жүйелі түрде жаңарып келеді. Енді бұл күрес тек қана полиция мен соттың емес, білім беру, медицина, IT, БАҚ, және жастар қозғалыстарының да ортақ майданына айналды. Бұл – тек шектеу мен жазалау емес, профилактика мен екінші мүмкіндік беру жолы. Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға шақырады. Күдікті интернет-ресурстар, кодтары бар граффити және заңсыз сатуға қатысты жарнамалар туралы хабарлауға болады.