Осы жаңа түскен келіннің міндеттерін білеміз ғой.
Қоғам қайраткері, тәлімгер Мұхамеджан Тазабек жаңа үйленген жігіттің міндеттерін айтып берді. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Осы жаңа түскен келіннің міндеттерін білеміз ғой. Оны бәрі біледі. Бірақ жаңа үйленген жігіттің мойнында қандай міндеттер бар? Мен айтып жатырмын: «Ең бірінші міндеті — өзін емін-еркін сезінетін бір бөлмемен қамтамасыз ету. Ата-анамен тұрса да, бөлек тұрса да. Екінші — ол адамға әрі қарай дінін үйрету. Яғни, рухани тұрғыда депрессияға түсіп кетпейтіндей әке-шешесін сағынса, сағыныштан сарғайып кетпейтіндей Руханиятын қамтамасыз ету. Үшінші дүние — өзі не ішіп-жесе, сол дәрежеде, өзі не кисе, сол дәрежеде оның жағдайын жасау. Төртінші нәрсе ол — ата-анасының үйінде қандай бір рухани қарым-қатынас, қамқорлықтарды алған болса, осы жігіт арқылы сол үйдің ішінде де сол қарым-қатынаспен қамтамасыз етілу керек қой. Себебі, Бауыржан ағамыз айтқандай: «Ең батыр кім?» дегенде, «Қыз ғой. Өзінің бүкіл жақындарын тастап, бөтен танымайтын үйге кеп кірді» дейді. Сол сияқты, біздің жас жігіттердің мойнында да осы міндеттер бар екенін білу керек. Өкінішке қарай, біздің інілеріміздің көбі келіншегін әкеледі де, әке-шешесіне тапсырып немесе пәтеріне тастайды да, мойнында басқа міндет жоқ адам сияқты қонуға бір-ақ келеді ғой. Сөйтіп жайлап-жайлап ортада сызат түсіп, сырғып-сырғып көптеген өкпелер пайда болады. Жоқ", - деді ол.
Оның айтуынша, жас қыз келін болғанда оның ең бірінші қолдаушысы - күйеуі.
"Сен әрнәрсені ақырына дейін жеткізуің керек. Мысалы, біз ауылда қарбыз суаратынбыз. Сол кезде үлкен өзеннен суды бұрғаннан кейін ол су өзі келіп қарбыздың түбіне кірмейді, оны кетпенмен жетелейсің. Оны кішкентай арыққа түсіресің. Арықтан жүйекке түсіресің. Жүйектен жайлап кетпенмен әкеліп, қарбыздың түбіне дейін онда да қарбызды күйреп кетпейтіндей немесе қарбыздың түбіне су жақсылап сіңетіндей кетпенмен жетелейсің. Келін де бір әулетке келіп кіргеннен кейін сол үйдің еркегі махаббатты, мейірімді тәрбиені, дінді, руханиятты сол өзеннің суын кетпенмен жетелеп, ана қарбыздың түбіне әкелген секілді, аяулы сезімдермен әкеп кіргізу керек қой», — деді Мұхамеджан Тазабек.