Былтыр ғана «БҚО-да тасқыннан зардап шеккендер 100 пайыз үй алды» деп жаһанға жар салған облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің сөзі өтірік болғаны ма сонда?...
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы, Подстепное кентінің тұрғындары, көпбалалы Меңдіғалиевтер (Мендигалиевтар) отбасы ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. 2004 жылдан бері осы елді мекенде тұрып келе жатқан Сұңғат пен Әсия Меңдіғалиевтер мектепте еден жуушы және аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Бүгінде олар сегіз адамнан тұратын отбасы (төрт баласы мен екі немересі) бар-жоғы 70 шаршы метрлік үш бөлмелі үйде тұруға мәжбүр.
Үй апатты жағдайда
2024 жылы көктемде қар суының еруі салдарынан олардың баспанасы айтарлықтай зардап шекті. Арнайы «EmirStroy» ЖШС-нің 20 қаңтар 2025 жылғы №5 техникалық зерттеу қорытындысында:
«Көктемгі су тасқынынан кейін үйдің негізгі құрылыс конструкциялары сын көтермейтін жағдайда. Ғимарат бұзылуы керек, әрі қарай пайдалану қауіпті, жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз», – деп көрсетілген.
Сондай-ақ, Теректі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 13 ақпан 2025 жылғы зертханалық тексеру нәтижесінде, үйдің аумағында қауіпті улы заттардың мөлшерден асып кеткені анықталған:
- Бензол – 59,0 мг/м3 (рұқсат етілген нормадан төрт есе жоғары);
- Аммиак – 76,5 мг/м3 (қалыпты көрсеткіштен үш есеге жоғары).
Бұл деректер аталған баспананың тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіпті екенін растайды.
«Осы жерде тұрғанымызға жиырма жылдай уақыт болды. Мынадай цистернаның ішінде мазут бар. Оны ешкім ешқайда алып кетпейді. Менің балаларым бар, немерелерім бар, өте қиын жағдай. Бармаған жеріміз жоқ. Әкімдіктен бастап, бәріне де бардық. Бәрі біледі. Балаларымның үстіне осыдан жара шыққан. Жазда жүруге өте қиын. Ешкім де бұны пайдаланбайды. Бұзып, алып кетпей жатыр», – дейді Әсия Меңдіғалиева.
Әкімдік уәдесі орындалмады...
Бұған дейін аудандық тұрғын үй бөлімі Асия Мендигалиеваға «көпбалалы ана» ретінде тұрғын үй кезегі келгенін хабарлаған. Бірақ кейін оларды тізімнен алып тастаған. Себебі қазіргі үйлері күйеуінің жеке меншігінде болғандықтан, әкімдік бұл отбасын «баспанасы бар» деп есептеген.
Алайда бұл үй Кеңес заманында гараж орнына салынған. Жерге сіңген мазут пен соляркадан ауладағы өсімдіктер өспейді, ал балалар жиі ауырады. Үйде су құбыры, кәріз жүйесі, жуынатын бөлме жоқ.
Әкімдік әрекетсіз отыр
19 наурызда аудан әкімі Әлия Муханбетжанова мұқтаж тұрғындарды қабылдады. Дегенмен, қазіргі таңда отбасыға көмек көрсетілуі жайында нақты шешім қабылданбады. Осыған байланысты тәуелсіз заңгерлер Мендигалиевтар отбасының қиын жағдайын ескере отырып, жергілікті биліктен олардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында шұғыл шаралар қабылдауын сұрап жүр. Отбасының өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғандықтан, оларға жаңа баспана беру немесе өзге де тиісті көмек көрсету қажеттілігі туындап отыр. Былтыр ғана «БҚО-да тасқыннан зардап шеккендер 100 пайыз үй алды» деп жаһанға жар салған облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің сөзі өтірік болғаны ма сонда?...
Егер шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болғымыз келсе, Меңдіғалиевтер сияқты жанұялар назардан тыс қалмауға тиіс. Бұл – тек бір отбасының емес, еліміздегі әлеуметтік әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарының сынға түскен сәті.