Астана әкімдігінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, өрттен ешкім зардап шекпеген. Сонымен қатар жалпы 540 адам эвакуацияланғаны айтылып еді.
Күні кеше 9 сәуір күні таңғы сағат 5 шамасында Астанадағы ескі вокзал маңындағы жатақханалардың бірінде алапат өрт пайда болды. Сондықтан бұл үйден 550-ге жуық тұрғын сыртқа қарай ұйқыдан тұрған бетте жүгіріп, далаға атып шықты. Кейбірі көрпеге оранып шықса, кейбір тұрғындар пижамамен ғана шығып үлгерген. Екі сағат бойы тұрғындар далада тоңып тұрып, кейін оларды жақын маңдағы мектептің спортзалына уақытша орналастырды.
Адам тағдыры «күлге» айналғаны ма?
Astana_pokazhet әлеуметтік желідегі арнасындағы видеоға қарасақ:
«9 сәуір күні, 5:30-да қатты ыстықтан шошып ояндым. Үйдің төбесі толығымен өртеніп жатыр», - деп видео жолдаған адамның сөзін ести аласыз.
Әрине, қазір өртті толықтай сөндірді. «Сөндірді» дегенімізде, әдеттегідей бәрі өртеніп кеткен соң ТЖД қызметкерлері де келді. Бұл туралы олардың ресми өкілі:
«Астана қаласы 9 сәуір, 2025 жыл, шамамен 04 сағат 51 минутта 101 нөміріне Сарыарқа ауданы, Бұланты көшесі 4 үй мекенжайы бойынша 6 қабатты жатақхана жатып жатыр деген хабар келді. Өрт орнына Астана қаласының ТЖД қызметкерлері келіп жеткенде, 6 қабатты жатақхананың төбесі толығымен өртке оранғаны анықталды. Өрт орнына 65 адам жеке құрам мен 17 бірлік техника жұмылдырылды. 540 адам эвакуацияланды. Жарақат алған адамдар туралы ақпарат келген жоқ», – дейді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев.
Иә, жанатын дүние жанып, бір мезетте бәрі күлге айналды. Бірақ жалындаған өрттің айналасында тұрғындарды тағы бір алаңдатарлық мәселе мазалады. Ол – қала әкімінің оқиға орнына келмеуі. Бұл оқиға сол жердегі тұрғындар үшін де үлкен сұрақ туындатты. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек неге кейбір өрт оқиғаларына барады да, басқаларына баруға құлықсыз?
Былтыр ғана «Хан Шатыр» сауда орталығы жанындағы элиталық тұрғын үй кешенінде де өрт болғанда, Жеңіс Қасымбек дереу сол жаққа барып, тұрғындармен кездескен еді. Ал бұл жолы, қаланың әлеуметтік әлсіздеу тобы саналатын жатақхана тұрғындары әкімнің назарынан тыс қалды. Бәлкім, әкім оларды «кедей», «қара халық» санап бармаған шығар? Әйтеуір оқиға орнына келген ең жоғарғы лауазымды тұлға – Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары ғана болыпты. Сондай «байлар» тұратын элиталық тұрғын үй кешеніне баратын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «кедейлер» тұратын жатақханаға бармай ма? Сонда қаланың әкімі ретіндегі оның жауапкершілігі қайда?
Құжатынан айырылғандар не істейді?
Бейресми әңгімелерге сенсек, өрт болған Бұланты, 4 мекенжайындағы жатақхана «апатты» деп танылғанына біраз уақыт болған. Әрі оны 2025 жылы сүру жоспарда болған еді. Осыған байланысты тұрғындарға жаңадан пәтер берілуге тиіс еді. Алайда өрттен кейін көптеген тұрғын тек үйсіз емес, құжатсыз да қалды. Себебі олардың жалғыз мүлкі мен құжаттары түгелдей Астана қаласы әкімінің жауапсыздығы мен ТЖД өкілдерінің үнемі аяғын сылтып басып, кеш қимылдайтынының кесірінен «күлге» айналған.
Мәселен, ulysmedia порталы жариялаған мақалада:
– Менің төрт балам бар, оларды әрең өрттен құтқарып қалдым, біз енді дымсыз қалдық. Тіпті шұлық та жоқ, мен тек кофтам киіп, қашып шықтым, міне, үстімдегілер. Үш күнге қонақүй берсе де, әрі қарай не болмақ? Отбасыммен қайда тұрамын? Қалай күн көреміз? Бәрі жанып кетті! Әкімдік пен Үкімет талап еткеннің бәрін орындаймын. Салықты да төлеймін, коммуналдық төлемдерді де уақытылы төлеймін. Ал енді маған көмек керек болғанда, ешкім жоқ, – деп ашуланды топ ішіндегі ер адам.
Ресми мәлімет пен шындық қабыспай ма?
Астана әкімдігінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, өрттен ешкім зардап шекпеген. Сонымен қатар жалпы 540 адам эвакуацияланғаны айтылып еді. Негізі құтқарушылар 50 адамды, оның ішінде 7 баланы эвакуациялаған. Қалған 490 тұрғын өз бетімен сыртқа шыққан. Ал әкімдік барлық тұрғын таңғы аспен, уақытша баспанамен қамтамасыз етілді деп ресми хабарлады.
Дегенмен зардап шеккендердің айтуынша, бұл – тек қағаз жүзіндегі ресми мәлімет. Ал сол жердегі халық биліктен «тамақ беріп» алдарқатуды емес, нақты жанашырлықты күткен. Соның ішінде көпшілігі әкімнің келуін күтіп отырды. Бірақ бұл үміт өкінішке қарай ақталмады...
Әкім бәріне бірдей емес пе?
Қоғамда осы бір жағдай екі түрлі орынды сауалды тудырып отыр:
- Неге әкім тек «ерекше» болған өртке ғана барады? Әсіресе элиталық Тұрғын үй кешеніне...
- Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар адам қатарына жатпай ма?
Қоғамдық әділеттілік пен жергілікті билікке деген сенім – бүгінгі қазақстандық қоғамның ең бір «нәзік» нүктесі. Әкімнің халықпен ашық диалог орната алмауы – тек бір ғана оқиға емес, жүйелі шешілмей жатқан мәселенің көрінісі. Мысалы, біз көтерген әкімдікке қатысты бірнеше мәселе олардың назарына ілікпей, жауапсыз қалып жүр. Ал жергілікті тұрғындар мәселенің оң шешім тапқанын шын ниетімен қалайды.
Бір сөзбен айтқанда, бұл оқиға Астанадағы әлеуметтік теңсіздік, билік пен қарапайым халық арасындағы алшақтық, сондай-ақ баспана мәселесінің тым өзекті екенін тағы бір рет көрсетті. Халық тек көмек емес, жанашырлық пен әділдікті күтеді. Ал оны көрсететін адам – ең алдымен, басшылық, дәлірек айтсақ, Жеңіс Қасымбек. Бірақ ол «аяғын» сылбыр басып, кез келген мәселеде кеш қимылдайтыны жасырын емес.