Іс материалдары бойынша тергеу кезінде 40-тан астам сот сараптамасы жасалып, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.
Талдықорған қаласында көпшіліктің назарын аудартқан қылмыстық іс – Шерзат Полаттың ісі бойынша ашық сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы Ержан Жанұзақов алғашқы отырыста процеске қатысушылардың тізімін жариялап, негізгі сот отырысының күнін белгіледі.
«Сот отырысында жәбірленушілер тарапынан Нұрымов, Бишенбиева, Қадырова, сондай-ақ марқұм Махметтің заңды өкілі Мұхатбаева қатысуда. Олардың мүддесін қорғаушылар – адвокаттар Чекеев, Миязов, Палманов және заң кеңесшісі Ибраев», - деді судья.
Айыпталушылар қатарында Тоқтаубаевтар, Шынасыл, Сәкиев, Ысқақ, Белғожаев, Әскентай, Қалиахмет және Ілиясов бар. Олар сотта Жүнісов, Жүнісова, Әбілдаева, Есбергенова, Кемелбекова, Байылхан, Седибасова және Сарманова сынды тоғыз қорғаушының көмегіне жүгінуде.
Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған сотталушы Ысқақтың заңды өкілдері ретінде Отарбаев пен Отарбаева қатысып отыр. Судья Жанұзақовтың мәлімдеуінше, негізгі сот процесі 17 сәуір күні Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратында өтеді. Процесс ашық форматта жүргізіліп, сот ісі мемлекеттік тілде – қазақ тілінде өтеді.
Айта кетейік, іс материалдары бойынша тергеу кезінде 40-тан астам сот сараптамасы жасалып, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.