Журналист Жанат Бақыт адамның өлер алдында не себепті ауыратынын түсіндіріп берді.
Экс журналист, блогер Жанат Бақыт Instagram парақшасында адамның қайтыс болар алдындағы ауыру себептерін жазды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Әкем пайғамбар жасына дейін ауырмаған жан. Ауырып, ауруханаға түсіп бір қыңқ дегенін көрмеппін. Алайда қалай 63 жасқа жақындады, бірден жүрегі сыр беріп инфаркт алды. Содан Жүрегіне операция жасалды. Ауруханадан шыққаннан кейін өкпе сыр берді. Өкпеге су жиналып күніне 2 литр қан аралас су алатын. Қысқасы, жүрек пен өкпе екі жақтан кезекпен ауырып айналдырған ауру 2-3 жылда әкемді алып тынды. Бірақ осы санаулы жыл әкем үшін ғасырдан ұзақ болғаны белгілі. Апталап ұйықтамай жаны қиналып кетті. Тек отыратын. Еш жата алмады. Мен ол кездерде рухани тақырыптарды, Ғалам заңын, Карма заңы туралы мүлде түсінбеймін. Әкеме қарап тұрып: “Құдай неге адамды осынша қинайды екен? Жоқ, ақыры қинайтыны бар, қинап-қинап несіне алып кетеді? Жазып жіберсе болмай ма?” дейтін ем. Осыны түк түсіне алмадым. Арада 10-15 жыл өткенде енді түсініп жатырмыз.
Сондай-ақ, ол Ауру — бұл жазалау еместігін айтады. Ол — жанның кетер алдындағы соңғы тазаруы.Ауырып жатқан жанның рухы сол сәттерде өткен өміріндегі шешілмей қалған түйіндерді шешіп, рұқсат сұрамаған, кешірім сұрамаған сәттерін босатып, өзін, басқаларды кешіріп, таза күйде кетуге дайындалып жатады. Бұл — көзге көрінбейтін, бірақ өте терең процесс. Санадан тыс, жан ішінде жүретін шынайы шипа. Кейбір адамдар ауырмай кетеді. Әр рухтың өз жолы бар екен. Бірақ ауырып өмірден өтсе — бұл рухтың өз жолын тазалап, кармалық түйіндерді шешіп кетуі.
"Сондықтан ауырған адамға “Жаның әбден қиналды-ау, Құдай неге былай қинады? Не жазып қойдық екен?” демей, іштей: “Жаның тазарып, жарықпен қауышып кетсін” деп шын жүректен тілеу керек. Жанға — дұға, тәнге — тыныштық, рухқа — еркіндік сыйлау қажет. Ауыру арқылы кармасын өтеп әбден таза кеткен Жан, “Барзақ әлеміне” періште сипатты жарқырап таза кіреді. Тағы да қайталаймыз, ауру — әрдайым жаза емес. Ол — Жаратқанның соңғы рет құшағына алу сәті. Соңғы рет тазартуы. Соңғы рет жарықпен жуындырып, жанды еркіндікке шығарып салуы", — деп түсіндірді журналист.