15.04.2025, 15:40

«70 жас қарттық емес»: Желіде спортпен тұрақты шұғылданатын зейнеткердің әрекеті талқыға түсті (ВИДЕО)

Фото: коллаж Sn.kz

Өмірімді өзіме ғана арнаймын.

Желіде 70 жасқа таяған Зәуре Темірханова есімді алматылық көпшілікті тәнті етіп жүр. 5 немеренің стильді әжесінің күнде спортпен айналысып, жас болып көрінуінің сыры көпшілікті қызықтырады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Зәуре өмірде өте белсенді. Айтуынша, ол денсаулығына өте жақсы қарайды. Тіпті арнайы қан тапсыру тәсілімен тамақтану ережелерін қалыптастырған. Одан бөлек, ағылшын тілін үйреніп, қоғамда белсенділік танытады.

Зәуре Темірханова қазір 68 жаста. 4 баласы, 5 немересі бар химик әже былтыр зейнетке шыққан. Дегенмен Зәуре өзін ешқашан қартайдым деп санап, денсаулығы мен белсенді өмірін назардан тыс қалдырмағанын айтады. 

“Екі жылдан соң 70 жасқа толамын. Уақыт зымырап жатыр. Қазір ең керемет жасымдағы өмірімді сүріп жатырмын. Балаларыма тәуелді емеспін. Оларға тәуелді болғым да келмейді. 

Адамның жаны туғаннан жас. Ол ешқашан қартайғысы келмейді. Әрқашан шабытқа толы, жас, бақытты болғысы келеді. Ал егер жаныңыз өзіңізден шаршаса, тәніңізді тастап кетеді. Мен өзімнің ішкі әлеміме қажетін беріп, үйлесімді өмір сүріп жүрмін. Себебі өмірде ең үлкен ұстанатын қағидам бірінші орында жаратушы, екінші орында мен”, – деді ол. 

Алматылық заманауи әженің күнтізбесі өте тығыз көрінеді. Ол жүзуге барып, спортпен айналысады, өзіне күтім жасап, ағылшын тілін үйреніп, көп кітап оқиды екен. Зәуре тіпті әр киімі зиян келтірмейтіндей сапалы әрі стильді болуына назар аударатынын айтты.

Заманауи әже зейнетке дейін біраз қызметте жұмыс істеген. Еліміздің отандық кәсіпорындарында да, шетелдік компанияларда да, тіпті мемлекеттік қызметте де еңбек еткен. Алайда өміріндегі ең батыл шешім 52 жасында шаңғы тебуді үйрену болыпты.

“Шаңғы тебу – спорттың ең экстремалды түрі. 52 жасымда мен бұл спорт түрін игеріп алдым. Шаңғыны еркін басқару жай барып бірден үйрене салатын дүние емес. Бұған бұлшықетің дайын болуы керек. Міне қазір қанша уақыт өтсе де, содан бері Шымбұлақ, Ақбұлақта үнемі шаңғы тебемін”, – деп қосты ол.

Зәуре өзгелерге кеңестерін де бөлісе кетті. Айтуынша, уақытында ұйықтап, уақытында тұру өте маңызды.

“Адамдарға айналада ақыл айтатындар өте көп. Бірақ бұл ақылды адам қабылдамауы мүмкін. Сондықтан бәрінің айтқанына емес, өз-өзіңе ақыл айт. Алдымен қағазға өзіңе не істеу керегін жазып ал. Қазір барлық адамның қолында мобильді телефон бар. Кейін диктофонға жазып тыңдауға болады. Мен көз алдыма әлі күнге дейін кішкентай Зәурені елестетіп оған жылы сөздер айтамын. Өз-өзіме бақыт екенімді, айналамның барлығы мені жақсы көретінін, денімнің сау екенін айтамын. Ал ауырамын деп шағымданатындарды мүлде түсінбеймін”, – деп қосты алматылық.

Зәуре Темірханова жас көрінуінің тағы бір құпиясы бақытыңды өзгелерге байламауда екенін түсіндірді. Айтуынша, отбасы, балалар деп өзіңді құрбан ретінде көрсету дұрыс емес. 

“Әже болу – керемет сезім. Немерелеріңнің әрқайсынан өзіңнің бір қабілетің мен ұқсас тұстарыңды байқап отырасың. Қазір балаларымның барлығы бөлек тұрады. Оларға байланып отырмаймын. Себебі өз өмірім бар. Дүниеге әкеліп, қанаттарын қатайтқан соң әрі қарай адам болу олардың өз міндеттері. Бізде көбіне әйелдер өз бақытын баласына байлап қояды. Сосын “өмірімді отбасыма арнадым” деген сылтаумен өзіне қараудан бас тартады. Бірақ “балалар, отбасы” деп құл болып отыру дұрыс емес. Жолдасың да, балаң да уақытша. Олар сен үшін ешқашан жауап бермейді. Тек бақытсыз адамдар ғана баласына жармасып, “бақытым осы бала” деп оған үлкен ауырлық салады. Бақыт ол сенің өзің болуың керек. Бұл тіпті өзіңнен бұрын балаларыңның жолын жауып, кедергі келтіруің. Сондықтан “жасым келді, болды” деп отырмай сол балаларыңның сенімен мақтануы үшін өзіңмен жұмысты тоқтатпау қажет”, – деп жеткізді Зәуре.

Қолы босай бермейтін заманауи әже немерелерімен қарым-қатынасы туралы да айта кетті.

“Өз басым күнделікті спорт, жаттығу мен түрлі курстарға бару секілді шаруалардан қолым босамайды. Балаларым немерелерді әкелгісі келсе, міндетті түрде алдымен менің күнтізбемді сұрап алады. Ал әже ретінде мен өте жұмсақпын. Тіпті кейде балалар: “немерелеріңді тым еркелетесің” деп жатады. Ал мен оларға “әже ретінде еркелетіп, жылу беру менің міндетім, ал тәрбиелеуді өздерің атқарып алыңдар” деп айтамын. Себебі жас кезімде балаларымды ешкімнің көмегінсіз жұмыспен қатар жүріп өзім тәрбиеледім”, – деп қосты ол.