Қай мектеп екенін айтпаймын. Болжаңдар енді.
Семей қаласындағы мектептерде лаңкестік әрекет жасалады деген ақпарат Telegram мен WhatsApp желілерінде таралып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Семейдің соңы» деген атпен ашылған Telegram-арнада бірнеше пост жарияланып, онда бірқатар мектептер атауы аталып, «бүгін бұл мектептерде адам өлтіріледі» деген сияқты қорқынышты мазмұндағы хабарламалар жазылған.
«Семей бүгінгі күнді ұмытпайды. Міне, менің мектептер тізімім. Қай мектеп екенін айтпаймын. Болжаңдар енді. Құтылып кете алмайсыңдар», – делінген хабарламалардың бірінде.
Алайда Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Ведомство бұл жалған хабар таратып, халық арасында үрей туғызуға бағытталған арандатушылық әрекет екенін атап өтті.
«Азаматтарды сабыр сақтап, арандатуларға ермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», – делінген полиция таратқан хабарламада. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары теракт жайлы жалған ақпарат таратудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды. «ҚР заңнамасына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін 18 миллион теңгеге дейін айыппұл салу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді полиция өкілдері.
Полиция ата-аналарға үндеу жариялады.
«Құрметті ата-аналар! Бұл ақпаратты балаларыңызға жеткізіңіздер. Ойланбай жасалған әрекеттер ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін», – деп ескертті полиция.