18.04.2025, 15:20

Таразда емшара бөлмесінде укол салдырған 2 адам қайтыс болған

Фото: Pixabay

Енді марқұмдардың туыстары мен жақындары кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысының екі тұрғыны антибиотик егілгеннен кейін қайтыс болды деген хабар тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Sputnik Қазақстан мәліметінше, ер адамдар Тараз қаласындағы емдеу бөлмелеріне барып, укол салдырған. Олар қайтыс болғаннан кейін жүргізілген сараптама анафилактикалық шокты анықтады.

Марқұмдардың бірі 29 жастағы ер адам тамағы ауырып емханаға жүгінген.

Екіншісі, 50 жастағы облыс тұрғыны медициналық мекемеге әйелімен бірге барған. Ерлі-зайыптыларға сол жерде тиісті дәрілердің тізімі беріліп, ем алу ұсынылған. Олар дәріханадан қажеттінің бәрін сатып алып, емдеу бөлмесіне барған.

Енді марқұмдардың туыстары мен жақындары кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырды. 

"Жамбыл облысындағы соңы өліммен аяқталған жағдайлардан кейін қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, олардың барысында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау қағидасының өрескел бұзушығы анықталды. Осы жағдайлар бойынша материалдар одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Осы өңірдегі емшаралар кабинеттерінің бірі қызметін ресми түрде тоқтатты", - дейді ведомство.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 107 емшара кабинеті жұмыс істейді, оның 42-нің ғана дәрігерге дейінгі медициналық көмекті жүзеге асыруға лицензиясы бар.

2024 жылдан бастап 2025 жылдың I тоқсанына дейін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және оның аумақтық бөлімшелеріне рәсімдік медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты азаматтардан 7 өтініш түсті. Осы өтініштердің әрқайсысы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде келесі бұзушылықтар анықталды:

тиісті лицензиясыз медициналық қызметті жүзеге асырудың 4 фактісі; сертификатталған мамандарсыз рәсімдік қызмет көрсетудің 3 жағдайы; дәрілік заттарды сақтау шарттарын бұзудың 2 фактісі. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды ескертеді: емшаралық медициналық қызметтер бойынша тек лицензияланған медициналық ұйымдарға жүгінуге; қызметкерлердің лицензиясы мен біліктілігінің болуын нақтылауға; тиісті дәрігерлік бақылаусыз үйде медициналық рәсімдерді жүргізуге жол бермеуге.

Министрлік халықты өз денсаулығына жауапты болуға және бұзушылықтар туралы уәкілетті органдарға хабарлауға шақырады.

Тегтер: укол Тараз