18.04.2025, 17:40

«Өз аяғымен кіріп, өлі денесі шықты»: Шымкентте ауруханада көз жұмған науқастың туыстары дәрігерлерді жазалауды талап етті (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Марқұмның жақындары оның бұған дейін қатты ауырмағанын және бауырының қазасында бір шикіліктің барып айтты.

Әлеуметтік желіде botvkvn есімді аккаунт 28 ақпанда дене қызуы  көтерілген бауырын жедел жәрдем қызметі Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына алып кеткенін айтады. Алайда ауруханаға өз аяғымен кірген бауырының денесін 2 сағаттан соң алып шыққанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Туыстары фельдшер мен аурухана дәрігерлерінің жұмысына бейжай қарағанына шағымданды. Жақындарының айтуынша, жігіттің ауруханаға жатқызбай тұрып оған дәрі еккен. Ал сот сараптамасында ол дәрінің атауы да жазылмағанын айтады. Олар жергілікті тергеу органдарынан әділдікті талап етіп, дәрігелердің жазасыз қалып кетпеуін сұрады. 

Марқұмның жақындары оның бұған дейін қатты ауырмағанын және бауырының қазасында бір шикіліктің барып айтып, дәрігелерді айыптап отыр. Туыстарының айтуынша, бауырына ауруханаға алып кетпей тұрып, фельдшер қызу басатын дәрі еккен. Бірақ бір уақытта фельдшер дереу ауруханаға апару керек екенін айтқан. 

"28 ақпан кешкі 18:30 шамасында жедел жәрдем шақыртқан едік. Інім марқұм Әбдірасіл Аршын Маратұлының дене қызуы 40+ үстінде болған.  Фелдшер сымағымыз келіп проба ешнәрсе алмастан айтуы бойынша аналгин (ауырсынуды басатын және қызуды түсіретін дәрі) мен димедрол (антигистаминдік "аллергияға қарсы" дәрі) салған. "Денесі тырысып қалуы мүмкін" деп Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына салып алып кеткен. Жанында әкем болған. Ауруханаға жеткеннен кейін інім өз аяғымен ішке кіріп кеткен. Сол жердегі санитар әйел қабылдап алған. Дәрігерлерден ешкім болмаған. Ауруханада жөндеу жұмыстары жүріп жатқан екен", – деді марқұмның ағасы.

Ер адамның айтуынша, науқастың әкесіне дәрігерлер палатаға жатқызамыз қайта беріңіз деп есігін жауып алған. 

"19:45 шамасында анама дәрігер әйел хабарласып, ініме қандай укол салған еді деп сұраған. Анам "Балам қайда? Сөйлесейін жақсы ма?" деп сұраса, "жақсы, системада жатыр" деп жауап берген. Арада 2 сағат өткеннен кейін хабарласып балаларыңыз реанимацияға түсіп қалды деп хабарлады. Барсақ інім қайтыс болып кеткен. Денесі жаңа көз жұмған адамның денесі емес. Тастап кеткен кезде-ақ, бұлар өлтіріп алған. Қайдан екпе пен препарат салынғанын білмейміз. Амалдың жоғынан сот медициналық экспертизасын жасаттық. Сараптамаға баланың миында ісік бар деп жазып бере салыпты. Салынған уколдардың тізімі жоқ, қай уақытта өлгеніне дейін өтірік жазылған", – деді марқұмның ағасы. 

Марқұмның ағасы бауырының бұған дейін мүлдем ауырмағанын және медициналық тексерістерден де жақсы өткенін атап өтті.

"Іс материалдарында да фелдшердің қандай дәрі еккені жазылмаған. Біз әділдікті талап етеміз. Аурухананың бас дәрігері, реаниматологы, хирургы, сол күні ауысымда болған дәрігерлердің жауапқа тартылуын, қандай жағдаймен өлтіріп алғанын мойындауларын талап етеміз. Бауырым дәрігерлердің қолынан қаза тапты", – деді марқұмның ағасы.

Істің мән-жайын анықтау үшін редакция Шымкенттегі денсаулық сақтау басқармасына жазып көрді. Алайда басқарма бұл істі зерттеуге полиция департаментіне берілгенін айтып, басын ала қашты. 

Бұдан кейін Шымкенттегі полиция департаменті істің оларға тапсырылғанын растады.

"Азаматтың қайтыс болуына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді Шымкент полиция департаменті.