$ 521.9  593.5  6.39

«Шерзат ісі»: Сотта оқиға орнында болған екі әйелдің біреуі куәлік берді

Ол сотталушылардың ішінде тек үш адамды танитынын айтты.

Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Эльмира Нұрбекова – қайғылы оқиға болған түні айыпталушылармен бірге жүрген екі әйелдің бірі. Ол сотталушылардың ішінде тек үш адамды танитынын айтты.

"Мен күндіз жұмыста болдым. Одан кейін маған құрбым Дана қоңырау шалды. Біз сөйлестік, кейін маған Равиль кездесейік деп жазды. Мен кездесуге келістім, бірақ тек жұмыстан кейін шыға аламын дедім. Мен жұмыстан шамамен кешкі сегізге қарай шығып, үйге қарай жол тарттым. Одан кейін маған Дана жазды, Равиль бізді дәмханаға шақырды. Дана менің үйіме келді, біз бірге дәмханаға бардық. Біз дәмханаға келген кезде Равиль, Нұрқияс және бірнеше жігіт тұрды. Біз олармен амандасып, кафеге кірдік. Ол жерде дастархан жаюлы болды. Біз Дана екеуміз биледік, жігіттер өздері дастархан басында сөйлесіп отырды. Би алаңы басқа бөлмеде болды. Үстелде бос графин тұрды", - деді куәгер.

Оның айтуынша, үстел басында айыпталушы Абзал болған, кейін күдікті Азамат пен оның бауыры келген. 

"Кейін бір дүкеннің қасына келдік. Жігіттер бірден жүгіріп шықты. Сол кезде дүкен маңында бір топ адам тұрды. Олар бір-бірімен амандасып, сөйлесті. (...) Біз көліктен шығып, өтіп бара жатқан кезде топ арасынан бетінде жара болған бір жігітті көрдік. Дүкенге кірдік, оның ішінде бізге таныс емес екі жігіт тұрды. Тағы бір ер адам болды. Біз оны сатушы деп ойладық. "Аға, темекі сатасыз ба?" деп сұрадым. "Мен темекі сатпаймын, қазір қаруымды шығарамын да атамын" деп айтты. Біз дүкеннен шығып кеттік. Дүкеннің сыртында қара көлік тұрды. Мен сол көліктің жанында тұрдым", - деді Эльмира Нұрбекова. 

"...Сұр футболка киген, сақалы бар жігіт жүгіріп шығып, айғайлап, ауаға от атты. Содан кейін ол қаруды жігіттерге қарай көздеді. Одан кейін артқа қарай бірнеше қадам жасап, тағы бір рет оқ атты. Мен Дана жаққа қарай жүгіріп бардым. Оның қасында Равиль тұрды. Мен Равильге тынышталыңдар деп айттым. Ол төбелес болып жатқан жаққа қарай жүгіріп кетті. (...) Біз көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Мен жол жаққа қарай шықтым, қарадым, сол кезде адамдардың бәрі ары-бері жүгіріп жүрді. Түсініксіз жағдай болды. Қара күртеше киген жігітті артқа қарай тартып, тынышталыңдар деп айттым. Сұр футболка киген жігіт жерде жатты, ес-түссіз күйде болды. Мен сасқалақтап, не істерімді білмедім. Мені кім ұстап, көлікке отырғызғанын да білмей қалдым", - деді куәгер. 

 Прокурор куәгерден “жедел жәрдем шақыруға не кедергі болды”, деп сұрады. 

Куәгер жедел жәрдемге қоңырау шалғысы келгенін, бірақ қорыққанын жеткізді. 

“Мен қорқып тұрдым. Телефонмен тұрған әйелге “жедел жәрдем шақырыңыз” деп айқайлап айттым”, – дейді куәгер. 

Эльмира Нұрбекова көлікпен белгісіз жаққа қарай бағыт алғанын жеткізді. 

“Көліктің артына мен, Равиль, Нұрқияс және Дана отырды. Әрі қарай қандай әңгіме болғаны есімде жоқ. Осыдан кейін бір жерге тоқтадық. Көлікте отырыңдар, деді. Өздері бірдеңе туралы сөйлесті. Біз көлікте отырдық. Одан кейін қара Jeep келді. Біз сонда отырдық. Онда екі жігіт отырды, бірақ оларды танымадым. Әрі қарай кеттік, мен үйге барамыз деп ойладым. Жолда бір жерге тоқтадық, полиция ұстады”, – дейді ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 1
Ашулы 3

Серіктес жаңалықтары