20.04.2025, 06:30

«Өмірде де чемпион»: Маскадағы жігіт арбаға таңылған чемпионға баспана сыйлады (ВИДЕО)

Фото: видеодан алынды

Әлемнің төрт дүркін чемпионы жалдамалы пәтерде жүр.

Маскадағы жігіт кезекті рет сауапты іске бастамашыл болды. Беймәлім жігіт бұл жолы мүгедек жандарды емдеп жүрген арбадағы чемпионға үй сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Арбадағы жігіттің аты-жөні – Никита Ермаков, бірінші топтағы мүгедек. Омыртқасы сынып, мүгедектер арбасына таңылған. Анасымен бірге жалдамалы пәтерде күн көріп жүр.

«Жасым 33-те. Анамның көзі нашар көреді. Оң көзі 100 пайыз көрмейді. Сол көзі 30 пайызға ғана көреді. Өзім параармрестлингтен төрт дүркін әлем чемпионымын. Төрт жылдан бері елімнің намысын қорғап жүрмін. Осы саладан жаным жай тапқандай. Қазір реабилитолог болып жұмыс істеймін. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеймін. Бұл менің өмірімнің мәні десем де болады», - дейді Никита Ермаков.

Әлемнің төрт дүркін чемпионы алға қойған жоспарлары туралы ой бөлісті.

«Мақсатым – анама көмектесу әрі өзімнің реабилитациялық орталығымды ашсам деймін», - дейді чемпион жігіт.

Маскадағы жігіт осыдан кейін Никитаның тек спортта ғана емес өмірде де нағыз чемпион екенін айтып, анасының еміне, реабилитациялық орталық ашуына қажет қаражат пен баспананың кілтін табыс етті.

Өмірде қандай сынақ кездессе де жыламай, шыдамдылықтың үлгісін көрсеткен чемпион жігіт маскадағы адамның тосын сыйынан кейін көз жасына ерік берді.