21.04.2025, 11:00

«Үкімет қауіпсіздігімізді қорғап үлгере алмай жатыр» - Анарбек Марқабай

Фото: видеодан скриншот

Бұл қылмыс ақпараттық жүйеде болады.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы мен алаяқтардан зардап шеккен жандарға көмек өолын созып жүрген Анарбек Марқабай «Qasqa Jol» Youtube арнасында қонақта болып, соңғы кездегі өзекті мәселемен ой бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Анарбек Марқабай осыдан бірнеше уақыт бұрын алаяқтарға алданып, атынан 16 миллион теңгеге онлайн түрде несие рәсімделіп сан соғып қалған. Ол еліміздегі азаматтардың жеке мәліметтерді қорғау бойынша және несие алу жүйесі бойынша заңның ақсап тұрғанын айтты.

"Біздің мемлекетте бұл саланың ақсап жатқан тұстары өте көп. Көрініп тұр. Мысалы, онлайн кредит әрине, жақсы. Шетелде жүрсең де қашықтықтан несие ала аласың. Бірақ, екінші жағы тағы бар. Қорғаныс қабілеті. Бұл қылмыс ақпараттық жүйеде болады. Бұны кез келген тергеуші тексере алмайды. IT маманы керек. Ал ондайға IT мамандарын оқытпайды. Қазір үкіметке сену мүмкін емес. Банктердің өзінде сіз несиені 1 жылға алсаңыз да, сіздің мәліметтеріңіз сақталып тұрады. Үкімет біздің жеке мәліметтерімізді жеткілікті деңгейде қорғап жатқан жоқ. Менің рұқсатымсыз банктердің несие беруіңінің өзі үлкен заң бұзушылық. Қорғаныс сапасы төмен деңгейде. Күдікті әрекеттер жасалса сіздің атыңыздан онда кредит тоқтау керек" , - деді ол.

Осы орайда бұл пікірді мәжіліс депутаты да қолдады.

"Иә, біз жан-жақты жұмыс жасағанымызбен жаңа дүниелер шығып жатады. Біз заң шығарушы орган ретінде ілесе алмай қалып жатамыз. Жаңа заң шығарғанда да оның екі жағы бар. Онлайн несие рәсімдеуге тыйым салсақ, біраз уақыттан соң азаматтар хабарласып қайта іске қосуымызды сұрайды. Одан соң биометрияны да енгіздік. Оған қоса суыту жүйесіне байланысты да заң шығардық. Несиеге өтініш берген соң 24 сағаттан кейін ғана сіздің рұқсатыңызбен рәсімделеді. Қазір алаяқтық фактісі бойынша полицияға жүгінсеңіз, іс қаралып соттың шешімі шыққанға дейін барлық несиелік төлемдер тоқтатылады. Шотыңыздағы бұғаттаулар шешіледі. Өзіңіз кінәлі болсаңыз, онда амал жоқ кредитті төлеуге тура келеді. Ал алаяқтардың қылмысы анықталса онда несиеңіз кешіріледі. Несие тарихыңыз жаңарады", - деді.