Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызылорда облысында мектеп мұғалімі әйелді өлтірмек болды деген күдікке ілініп, ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде мектеп мұғалімінің адам өлтірмек болғаны туралы ақпарат тарады. Шиелі ауданындағы ауылдардың бірінде ер адам әйеліне балта алып жүгірген. Аудандық білім бөлімінде ер адамның ауыл мектептерінің бірінде 21 жылдық тәжірибесі бар биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінін растады.
Күдікті адам өлтіруге оқталғаны үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
“Тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат жариялауға жатпайды. Іс департамент басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы полиция департаменті.
Шиелі аудандық ауруханасының мәліметінше, 42 жастағы әйел 19 сәуір күні ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
“Дәрігерлердің қойған диагнозы бойынша, науқас басынан соққы алған, бірнеше сүйектері сынған. Сондай-ақ басқа да жарақаттары бар. Науқасқа ота жасау үшін облыстық орталықтан аудандық ауруханаға травматолог пен нейрохирургтер келді. Әйелдің жағдайы қазір тұрақты болғанымен, дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Қазір науқасқа тиісті ем-шаралар жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді аудандық аурухананың баспасөз қызметі.