$ 518.34  591.06  6.27

Петропавлда соғыс ардагерінің жарақаттануына қатысты тергеу жүріп жатыр

9 жасар оқушы жүгіріп өтіп бара жатып, зейнеткерді байқамай қағып кеткен.

Фото: СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

Петропавлда 99 жастағы Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Макиенконың ауыр жарақат алу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға туралы хабар полицияға 20 сәуір күні түсті. Тексеру барысында сол күні күндіз Н.Назарбаев пен Ғ.Мүсірепов көшелерінің қиылысында ардагердің бағдаршамның рұқсат етілген жасыл шамына жолды кесіп өтпек болғаны анықталды.

Сол сәтте қала мектептерінің бірінің 9 жасар оқушысы жүгіріп өтіп бара жатып, зейнеткерді байқамай қағып кеткен. Зейнеткер құлап, жарақат алды. Ауыр дене жарақатын алған Василий Макиенко медициналық мекемеге жеткізілді.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық адамды және куәгерлерді анықтады. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, оқиғаның мән-жайына құқықтық баға берілетін болады.

Сондай-ақ бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауруханаға барып, соғыс ардагерінің хал-жағдайын сұрап білді. Қазір ардагерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

— Василий Васильевич үлкен жасына қарамастан белсенді өмір салтын ұстанып келді. Былтыр Жеңіс күніне орай Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Келесі жылы ардагер өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтпек. Ардагерге тезірек сауығып кетуін тілеп, Жеңістің 80 жылдығын отбасымен, жақындарының ортасында қарсы алатынына үміт білдірдім. Ардагерлер — біздің мақтанышымыз, тарихтың куәсі. Оларға қамқорлық жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету — баршамыздың міндетіміз. Жастардың үлкен буынға құрметпен қарауын және оларға қиын сәтте көмек көрсетуге ұмтылысын қалыптастыру маңызды, — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.

Бұған дейін Петропавлда жасөспірім қағып құлатқан соғыс ардагері ауруханаға түскенін жазған едік. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары