Егер гүлдің қорғалатын түр екені расталса, әкімнің әрекетіне заң аясында баға беріледі.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваның қызғалдақ ұстап түскен суреті әлеуметтік желіде таралып, қоғам назарын аударды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыстық полиция департаменті фотодағы гүлдің сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген түрге жататынын немесе жатпайтынын анықтап жатыр. Бұл туралы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов мәлімдеді.
— Тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Егер гүлдің қорғалатын түр екені расталса, әкімнің әрекетіне заң аясында баға беріледі, — деді ол.
Ал Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовтің айтуынша, оқиғаға байланысты аудандық деңгейде арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеріс басталған.
— Комиссия құрамында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен аудандық полиция бөлімінің өкілдері бар. Ләззат Бердібаева қызғалдақты қызының әкелгенін, өзі тек суретке түсіп, оны WhatsApp статусы ретінде жариялағанын айтып отыр. Бұл мәліметтер толық зерттеледі, — деді аудан әкімі.
Қазір комиссия өз жұмысын жүргізіп жатыр. Қорытындысы бойынша ғана қандай да бір шешім қабылданады.