Қазір науқастың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке кеше түнде оқ тиіп, қалалық ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер ота кезінде қан кетуін тоқтатып, жарақатын емдеді. Қазір науқастың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
“Науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Ол дәрігерлердің бақылауында және қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.
Шымкент әкімдігі Руслан Берденовке жасалған шабуыл туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
“Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға оның шабуыл жасаған адамның әйеліне тиіскені туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейміз”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ әкімдік шабуыл жасаған адамның ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлім етті.
“Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, – деп мәлімдеді әкімдік.