Оқиға түнгі уақытта орын алған.
Қызылордадан Астанаға бағыт алған жолаушылар пойызында жүкті әйелдің босанып, сәбиін терезеден лақтырып жібергені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Аталған жағдайға қатысты Көліктегі Полиция департаменті мен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ түсініктеме берді.
Желі қолданушыларының айтуынша, пойыз 20 сәуір күні таңғы сағат 5 шамасында Астанаға жетуі тиіс болған. Оқиға түнгі уақытта орын алған. Куәгерлердің сөзінше, жолсерік вагон ішін жуып жатқанда еден мен дәретхана қанға боялып жатқан. Кейін бір жолаушы қан ізімен жүріп өтіп, төсегінде қансыраған әйелді байқап, мән-жайды сұрастырғанда оның пойызда босанғаны, жаңа туған сәбиін терезеден лақтырып жібергені анықталған.
Кейін желіде тараған дерекке сүйенсек, әйел адам жүктілігінің 9-айында болған, ал 5-айында есепке тұрғаны жазылған. Өкінішке қарай, сәбидің шетінеп кеткені хабарланды.
«Бұл жағдай «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойызында болған жоқ. Қызылорда-Астана бағыты бойынша қызмет көрсететін үш жеке тасымалдаушы бар. Олардың қызметін ҚР Көлік министрлігі реттейді. Айта кету керек, елімізде жолаушылар тасымалы нарығында 14 жеке оператор жұмыс істейді, – деді «Қазақстан Темір Жолы» АҚ.
Ал Көліктегі Полиция департаменті оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында тиісті процестік шешімдер қабылданатын болады. Болған оқиғаның мән-жайы анықталады», – делінген департамент таратқан ресми мәліметте.