Белгілі блогер Daricorn-ның жол қауіпсіздік ережесін өрескел бұзғаны анықталды.
Алматы полицейлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және әлеуметтік желілердегі мониторинг арқылы анықтау мен алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Интернет-кеңістігін талдау барысында, белгілі блогер-қыздың (Daricorn) ЖҚЕ өрескел бұзғаны анықталды. Ол кенеттен қозғалыс жолағын ауыстырып, сигнал бермей апаттық жағдай тудырған бейнені жариялаған. Тергеу қорытындысы бойынша, құқық бұзушы ҚР ӘҚбК-нің 595-бабының 1-бөлігі (сигнал беру талаптарын орындамау) және ҚР ӘҚбК-нің 606-бабының 1-бөлігі (апаттық жағдай туғызу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Бұл әрекеттер жай ғана жауапсыздық емес, ол басқалардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру. Мұның бәрі интернеттегі лайк пен қаралым үшін жасалады. Полиция танымалдылық деңгейі мен жазылушылардың саны жауапкершіліктен босатпайтынын және заңның бәріне бірдей екенін ескертеді. Жазаның бұлтартпау принципі бәріне қолданылады», — деді Алматы қалалық полициясы.
Алматы полициясы азаматтарды жолда жауапкершілік пен тәртіпке шақырды. Қауіпсіздік — ойын немесе әлеуметтік контент емес, әркімнің жауапкершілігі.