Ешкім зардап шеккен жоқ.
Атырауда университет жатақханасының ортаңғы бөлігі толығымен опырылып түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеп.
22 сәуір таңғы сағат 06:00 шамасында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақханасы ғимаратының ортаңғы бөлігі опырылып түскен. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл ғимарат 1972 жылы салынған. 2022 жылдың қараша айында университеттің шаруашылық бөлімі бірінші қабаттың қабырғасынан ақауды анықтап, тиісті органдарға хабарлаған.
"Артынша Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіп, оны апатты және тұруға қауіпті деп таныды. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 ақпаннан бері бұл жатақханада ешкім тұрмайды", - дейді әкімдік мамандары.
Қазіргі кезде облыстық құрылыс басқармасы университетпен бірлесіп, апатты қос жатақхананы бұзып, орнына 900 адамға арналған заманауи жаңа жатақхана салуды қолға алды. Жобалық-сметалық құжаттар да дайын. Оны мемлекеттік сараптамаға жіберіп қойған.