Қожаназаров шабуылдың себептеріне қатысты бірнеше болжамға күмәнмен қарайтынын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Шымкент әкімінің орынбасары, әріптесі Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Руслан Берденовтің жағдайы тұрақты болғанымен, «жақсы» деуге әлі ерте, өйткені ол ауыр жарақат алған.
«Жақсы деп айтуға да болмайды, үлкен жарақат алды. Өздеріңіз білетіндей, үш рет оқ атылды. Ондай жарақаттан аман қалу – оңай емес. Өз-өзіне келу біраз уақыт алады», – деді депутат.
Қожаназаров шабуылдың себептеріне қатысты бірнеше болжамға күмәнмен қарайтынын жеткізді.
«Мен ешқандай нұсқаға сенбеймін. Бұл қарапайым тұрмыстық сипаттағы қылмыс деп ойлаймын. Қазіргі таңда ол әлі де толық жауап бере алмайды», – деді ол.
Сонымен қатар, депутат бұл оқиғада саяси астар жоқ деген пікірде екенін айтты.
«Менің ойымша, бұл жеке бас мәселесі. Саяси астар жоқ», - деді ол.
Айдарбек Қожаназаров Руслан Берденовтің ерік-жігерін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ауыр жарақат алғанына қарамастан, Руслан мырза жақында жұмысқа оралуға ниет білдірген.
«Руслан сияқты азаматтар мыңнан бір кездеседі. Кеше ғана ауруханада есін жиып жатқан адам, «жұмысқа шығу керек» деп айтып отыр. Бұл – оның рухының мықтылығын көрсетеді», – деді депутат.