Естелікке суретке түстім.
Ақтөбе облысында жұлынған бір шоқ қызғалдақпен суретке түсіп, желіге жүктеген ауыл әкімі әдеп кеңесіне шақырылады. Әкімнің өзі бұл гүлді балалары сыйлағанын және гүлдің бұл түрін білмегенін айтып, ақталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Құдайберген Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жазаға тартылды. Бір шоқ гүлі бар ауыл әкімінің фотосы енді Әдеп кеңесінде талқыланады.
Ауыл әкімінің бір шоқ гүлмен түскен суретін Ақтөбедегі пабликтердің бірі салды. Онда “заң бойынша тыйым салынған емес пе? Шара қолдану сұралады” деп жазылған.
Әкімнің өзі гүлді қыздары әкеліп бергенін айтты.
“Демалыста балалармен далалық серуенге шықтық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүл туралы білмеппін. Оны жұлуға болмайтынын да білген жоқпын”, – деді Ләззат Бердібаева.
Ақтөбе облысының полиция департаменті желіге жүктелген фотоға қатысты тексеру қорытындысын жариялады. Гүлді кәмелетке толмаған балалар жұлған. Ауыл әкімі бала тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны айтылады.
“Әлеуметтік желілерде жарияланған Мұғалжар ауданы тұрғынының гүлмен түскен фотосы бойынша ақпарат тексерілді. Тексеру барысында аталған тұрғын гүлдерді кәмелетке толмаған балаларының жұлғанын айтты. Нәтижесінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкер осы әрекетін Әдеп жөніндегі кеңесте қарау үшін аудан әкімдігіне ұсыныс жолданды”, – деді облыстық полиция департаменті.