28.04.2025, 18:00

20 пайыздық қосымша құн салығының зардабы қандай? – саясаттанушы түсіндірді

Фото: Қазалы

Тауарлар мен қызмет қымбаттамақ, халықтың сатып алу қабілеті төмендемек.

 

Соңғы кездері қоғамда жиі талқыға түскен мәселенің бірі   қосымша құн салығы екені анық. 28 қаңтарда Премьер-министр Олжас Бектенов  бұл салықтың 12 пайыздан 20 пайызға дейін артуы мүмкін екенін айтқан болатын.  Бірақ бұл шешімге сала мамандары, жұртшылық және кейбір депутаттар қарсы болды. Олардың айтуынша, қосымша құн салығының артуы олардың тұрмысына тікелей әсер етпек. Осы мәселе бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 7-ақпанда отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтау жөнінде арнайы тапсырма берген еді. Президент Қ.Тоқаев қосымша құн салығын, яғни НДС-ты көтереміз дегендерге шүйлікті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Саясаттанушы Мақсат Жақаудың жазуынша 20 пайыздық құн салығы ел экономикасына зиян екенін жетесіне жеткізгендей.

Нақтырақ айтсақ, 20 пайыз НДС-тің қандай зардабы болады?

Біріншіден, экономикаға шектен тыс салмақ. Тауарлар мен қызмет қымбаттамақ, халықтың сатып алу қабілеті төмендемек. Бұл нақты әлеуметтік күйзеліске себеп.

Екіншіден, НДС-тің өсуі табысты жасыратын кәсіпкерлердің көбеюіне әкелмек. Көлеңкелі экономика шарықтайды. Бюджетті осылай қампайтамыз деп, жиналатын салық мөлшері азаяды, жемқорлық көбеймек. Бұны түсіну үшін, экономист болудың қажеті жоқ. Бұнда, Қасым-Жомарт Кемелұлының 20 пайыз көп деуінің себебі осы. Артық қылып, тыртық қылмаудың қамы...

Сондықтан, Үкіметке салық төлемінің балама жолын қарастырған жөн. Тұрмысқа керек тауар мен қызметті қосылған құн салығынан босатса, ал қымбат, «роскошный» тауар мен қызметке құн салығын көбейтсе, әлеуметтік әділеттілік болар еді.

Президент айтты, бітті. НДС 20 пайызға өспейтін болды. Енді, жаңа ұсыныстарды күтейік, тек осы жолы практик кәсіпкерлерді, маман-сарапшыларды тартып, ортақ шешімді Үкімет бірге жасар деп үміттенеміз. Илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой..., - деп жазды Мақсат Жақау.