29.04.2025, 11:30

Талғардағы қанды оқиға: 1000 теңге аударған студент сот алдында жауап беруде

Фото: видеодан скриншот

Сот отырысында судья сотталушылардың ішінен кімді танитынын сұрады.

2024 жылдың қазан айында Талғар ауданында болған қайғылы оқиғаға байланысты тағы бір маңызды сот тыңдауы өтіп жатыр. Оқиға кезінде айыпталушыға ақша жіберген жасөспірім сот алдында куәлік берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Сотта жауап берген Бекнұр Асқарбек 2008 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Береке ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда ол Талғардағы колледждің бірінші курс студенті. Оның заңды өкілі ретінде анасы – 1989 жылы туған Айсұлу Қалтаева сот процесіне қатысып отыр.

Сот отырысында судья Ержан Жанұзақов куәгерден сотталушылардың ішінен кімді танитынын сұрады. Бекнұр екі адамды — Дархан мен Думанды білетінін айтты. Оның сөзінше, Дархан — жездесінің көршісі, ал Думанмен мектеп қабырғасында бірге оқыған. Прокурор Бекнұрдан 2024 жылдың 3 қазанындағы оқиғаларды сипаттап беруін өтінді. Жасөспірімнің айтуынша, сол күні кешкі сағат 22:30 бен 23:30 арасында жездесі хабарласып, Дархан есімді азаматтың 1000 теңге сұрайтынын айтып ескерткен. Біраз уақыттан кейін Дарханның өзі байланысқа шығып, WhatsApp арқылы қажетті нөмірді жіберген. Бекнұр апасының атына тіркелген Kaspi Gold шоты арқылы 1000 теңгені аударып жібергенін мәлімдеді. Апасының аты-жөні — Қалтаева Светлана. Тергеу барысында прокурор Бекнұрдан бұған дейін де ақша аудару фактілері болған-болмағанын сұрады. Куәгер мұндай жағдай бір рет бұрын да болғанын, бірақ нақты есінде жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол 3 қазан күні аударылған ақшаның түбіртегін Дарханға жібергенін, бірақ қаражат нақты кімге барғанын білмейтінін, тек «дүкенге төлем жасалды» деген ақпарат болғанын қоса кетті. «Қамажай» дүкенінде болған жағдай туралы ол оқиға болған сәтте білмегенін, кейін естігенін айтты.

Айта кетейік, 2024 жылы 3 қазанда Талғар қаласында жасөспірім Шерзат Болаттың өмірі қасақана қол сұғушылықтың құрбанына айналған болатын. Қазір осы қылмысқа қатысты бірнеше адам сот алдында жауап беруде.