30.04.2025, 19:00

Атырауда зорлық-зомбылық жасады деп айып тағылған депутатты сот ақтап алды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Атырау қаласының №2 соты мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсенбаевқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға 2024 жылы 7 қарашада болған. Тергеу деректері бойынша, айыпталушы "жәбірленушіні сол жақ кеуде тұсынан денесінің оң жағына қарай итеріп жіберген". Осылайша белсендінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Іс Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлік 5-тармағы (Бұзақылық ниетпен ұрып-соғу) бойынша қозғалды.

Сот отырысында прокурор айыпталушыны айыппұл түрінде жазалауды сұрады. Алайда сотталушының өзі кінәсіз екенін айтып, соттантолық ақтауды сұрады.

Сот барысында тағылған айып расталмады. Сот мәліметінше, жанжалдың бастамашысы жәбірленуші. Ол өзін қорғап, кетіп қалмақ болған депутаттың кеңседен шығуына кедергі жасап, итеріп жіберген.

"Сотталушы жәбірленушіге қатысты ешқандай зорлық-зомбылық әрекеттерін жасамаған. Оның әрекеті тек үй-жайдан тезірек шығып кетуге бағытталған", – делінген сот хабарламасында.

Сот анықталған мән-жайларға сүйеніп, ер адамның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ деген қорытындыға келді. Сот үкімімен ол толығымен ақталды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.