Дінтанушы болған соң, кейде қазақтың ырым-тиымдарының астарына үңілеміз.
Дінтанушы Мұқан Исахан депутат Ардақ Назаровтың «Отқа май құю -шариғатқа қайшы» деген сөзіне пікірі білдіріп, ескерту жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Дінтанушы болған соң, кейде қазақтың ырым-тиымдарының астарына үңілеміз. Соның бірі, депутат А.Назаров хадиске теріс деп санаған — отқа май құю дәстүрі. Мәжусилік нанымында жарықты жақсылықтың нышаны деп қарастырып, отқа культ ретінде қарау түсінігі қалыптасқан. Көбісі қазақтың ырым-тиымындағы отқа май құю дәстүрін осы зороастаризм сенімінің сарқыншағы деп ойлайды. Бірақ, әсте олай емес. Себебі…
Ескі заманда емшілер кейбір оба, топалаң, аусыл секілді ауруларды от жағып, бактериясын өлтіріп, жұқпалы дерттен жұртты айықтырған. Әсіресе, осы күнге дейін оба дертінің емі табылған емес. Оба шыққан жерді қазіргі медицинаның өзі өртеп жіберіп, пәлекеттен құтылады. Атам Қазақ аусыл, топалаңға ұшыраған малды алаулаған оттың ішінен айдап өткізіп, бактериясын өлтіріп, ауруынан емдеген. Тап сол тәрізді отқа май құю дәстүрі дезинфикциялау үшін жасалған. Бір елге бөтен адам келгенде, өзімен бірге аурудың бактериясын әкелген болса, бөгделер зиян көріп жүрмесін деп оны отпен аластаған. Келін түскенде, май құюмен отты алаулатып жағып, босағадан оң аяғымен аттаттырып, шаңыраққа кіргізген. Бұл қазақ халқының медициналық-профилактикалық ем шарасы.
Түйін: Ардақ бауырым: «Ырым-тиымдар хадиспен үйлесім табуы керек» депті. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Үш нәрседе пайда бар: хижама, бал шәрбаты, отпен күйдіру. Бірақ зәрулік болмаса, отен күйдірмеген жөн» (Бұқари, Тиб/3) — дейді. Демек, отқа май құю хадиске қайшы емес!», — деп нақтылады ол.