06.05.2025, 12:00

«Соғысты сәнге айналдырды»: Танымал феминист сән үйінің соғыс тақырыбындағы киім үлгісіне шүйлікті

Фото: видеодан скриншот

"Соғыс – сән емес. Ол – қайғы, қасірет, адамзаттың ең ауыр сабағы”.

Танымал феминист Айгерім Құсайынқызы отандық сән көрсетілімінде Kirpi.kz брендінің топтамасын сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қоғам белсендісі сән үйі тіккен соғыс тақырыбындағы киім үлгісінің ақылға қонымсыз екендігін айтты.

“Светлана Алексиевичтің “Соғыста әйелдің жүзі жоқ” атты еңбегін жыл сайын 9 мамыр қарсаңында парақтаймын. Бұрын бұл кітап Екінші дүниежүзілік соғыстың сұмдығы, әйелдерге түскен ауыртпалық, олардың күресі мен төзімі туралы секілді көрінетін. Бұл еңбек соғыстан аман қалғандардың жан жарасы ешқашан жазылмайтынын, өмірінің соңына дейін бірге жүретінін дәлелдейді. Бірақ биыл бәрі өзгерді. Kirpi.kz сән үйі жаңа топтамасына соғыс тақырыбын арқау етіпті. Дизайнері Лилия Мамиева топтамасын кітаппен аттас етіп шығарыпты. Бірақ кітап соғыс құрбандарының қайта-қайта түсінде соғысқа оралатыны, бірі – соңғы демінде жаудың көзін көрсе, бірі – госпитальдегі үйіліп жатқан шабылған қол-аяқтарды ұмыта алмайтыны туралы. Әйелдер қызыл түсті көрсе жүрегі зырқ етіп, қызыл көйлек кимей қоятыны туралы. Уақыт өте келе адамзат өткен ғасырдан сабақ алды, ол: соғыс – қан мен қайғы, жара мен жан күйігі. Оның ешқандай сұлулығы жоқ. Адам өлімінен сұлулық іздеу – жауыздық. Сондықтан да сән көрсетілімдерінде әскери киімді дәріптеу – соғысты аңсау ғана емес, оны романтизациялаудың ең қатерлі түрі. “Бұл дизайнердің шығармашылық еркіндігі” деп шырылдау дәл осы тұста орынсыз. Ресей Украинаға соғыс ашып, жауыздықтың жаңа кезеңін жариялап жатқанда, балаларды әскери киімде подиумға шығару – оларға соғысты қалыпты, тіпті тартымды етіп көрсету. Бұл – бейбіт өмірдің құндылығын ұмыттырып, қасіретті көркемдеуге жол ашу. Балалар соғыс киімін кимек түгілі соғыс атаулыдан жиіркенуге тиіс. Сол кезде ғана біздің санамыз соғысты жеңе алады. Соғыс – сән емес. Ол – қайғы, қасірет, адамзаттың ең ауыр сабағы”, – деп жазды фембике.