Қазіргі таңда елордада су тапшылығы жоқ. Алайда, болашақта су қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін бірнеше жаңа жобалар қарастырылып жатыр.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев елордадағы су қоймасының 1969 жылы салынғанын айтып, елордадағы сумен қамту мәселесінің өзекті екенін атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Оның пікірінше, қазіргі таңда бас қаладағы жалғыз су көзі 500 мың адамға арналған, бұл мәселені шешу қажет.
«Астананы сумен қамту мәселесі қалай шешілетін болады?», – деп сұрады Павел Казанцев.
Бұл сауалға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жауап берді. Ол елордада су тапшылығының 2023 жылдың аяғында шешілгенін атап өтті. Әсіресе, №3 сорғы-сүзгі стансасының іске қосылуы арқасында су тәуліктік тұтыну көлемі 350 мың текше метрге жеткен. Қазіргі таңда елордада су тапшылығы жоқ. Алайда, болашақта су қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін бірнеше жаңа жобалар қарастырылып жатыр.
Қуандық Қажкенов атап өткендей, ең алғашқы жоба – №4 сорғы-сүзгі стансасының құрылысы және Қаныш Сәтпаев каналынан су тарту жобасы. Бұл жобаның жүзеге асуы елорда тұрғындарына тәулігіне 200 мың текше метр ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Екінші жоба – Нұра жер асты суларынан су тартатын канал құрылысын салу. Бұл жобаның жүзеге асуымен қалаға тәулігіне қосымша 380 мың текше метр су жеткізіледі. Қазіргі таңда осы жоба бойынша да жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сондай-ақ, Тельман сорғы стансасынан техникалық су тарту жобасы да қарастырылып отыр. Бұл жобаның құны 17,6 млрд теңге болып, биыл жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген», - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, аталған жобалар Астананың қарқынды дамуын ескере отырып, қала тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.