Олар Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысында өңірлік теңгерімсіздік бар екенін айтып, нақты өңірлерге қатысты проблемаларды шешуді талап етті.
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутаттар Қазақстанның шығыс өңірлеріндегі су тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Олар Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысында өңірлік теңгерімсіздік бар екенін айтып, нақты өңірлерге қатысты проблемаларды шешуді талап етті. Ұлықбек Тұмашинов: «Ертістің суы Солтүстік Мұзды мұхитқа кетіп жатыр» Депутат Ұлықбек Тұмашинов министрге шығыс өңірлерге де көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
«Министр мырза, сізге шығысқа да келіп қайту керек. Жалғыз оңтүстікті ғана айта бермеу керек. Көп су көлемі Ертістің бойында. Ресеймен арадағы конвенция бойынша Ертістен судың тек 50 пайызын ғана алатынымызды білесіздер ме? Қалған су Обь өзеніне, әрі қарай Солтүстік Мұзды мұхитқа кетіп жатыр. Неге осыны пайдалануға талпынбаймыз? Бес жылдан кейін Астанада бәрібір су тапшылығы болады. Астана айналасындағы агломерациялар қалаға айналып жатыр. Бұл мәселелерді алдын ала неге ойламаймыз?», – деді депутат.
Нұртай Сабильянов: «Абай облысындағы су нысандары ұмыт қалды» Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов өз кезегінде Абай облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайына назар аударды.
«Нұржан Молдиярұлы, сіздің баяндамаңызда Абай облысына қатысты бірде-бір нақты жоба айтылған жоқ. Халықпен кездескенде ең жиі көтерілетін мәселе – су қоймаларын, каналдарды жөндеу, су тоспаларын қалпына келтіру. Үржар ауданындағы Қарақол су қоймасы он жылдан бері айтылып келеді, бірақ нәтиже жоқ. Аягөз ауданындағы Ақтоған каналы мен Ақсуаттағы алты каналдың да жағдайы нашар. Бородулиха ауданындағы Бесағаш су қоймасын жөндеп, жергілікті атқарушы орган балансына беру де шешімін таппай келеді. Бұл мәселелерді кейінге қалдырмай, нақты әрекетке көшетін кез келді», – деді Сабильянов.
Депутаттар министрлікті су ресурстарын тек оңтүстік аймақтарға емес, еліміздің барлық өңірлеріне теңдей бағыттап, стратегиялық жоспарларды қайта қарауға шақырды.