Жауын-шашын мөлшері батыс, солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік өңірлерде нормаға сай болмақ. Алайда қалған аймақтарда жаңбыр аз жауады деп болжанып отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында алдағы айларға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Мамыр айында еліміздің көп бөлігінде күн ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр. Дегенмен, астық өсіретін өңірлерде, тау бөктерлері мен оңтүстіктің кейбір аймақтарында жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жақын болады.
Министрдің айтуынша, мамырда Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аумақтарында құрғақшылық болуы ықтимал.
«Маусым айында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейде болады: солтүстік және орталық өңірлерде 17-20 градус, батыста 23-25 градус. Ал оңтүстік-батыс пен қиыр оңтүстікте күн әдеттегіден ыстық болады — кей жерлерде температура 45 градусқа дейін жетуі мүмкін», - деді Нысанбаев.
Жауын-шашын мөлшері батыс, солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік өңірлерде нормаға сай болмақ. Алайда қалған аймақтарда жаңбыр аз жауады деп болжанып отыр.
Шілде айында температура қалыпты деңгейде болады, тек елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болуы мүмкін. Жауын-шашын мөлшері негізінен көпжылдық норма шегінде болады, бірақ солтүстік-батыс, солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде нормадан жоғары болуы ықтимал.