2024 жылдың 6 қазанындағы референдумда сайлаушылардың 69,8 %-ы атом электр станциясын салуды қолдады.
17 мамыр күні Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың туған күні. Алайда біз білетіндей Президентіміз туған күнін атап өтпейді. Биыл да осыған байланысты Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. 2025 жылғы 15 мамырдағы ресми мәлімдемеге сәйкес: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне байланысты салтанатты іс-шаралар жоспарланбаған. Президент туған күнін атап өтпейді", делінген еді хабарламада. Десек те, былтырғы 17 мамырдан бергі бұл аралықта ауқымды заңнамалық жаңғыру, күрделі экономикалық қайта құру, көпқырлы дипломатиялық белсенділік және жаһандық климаттың күн тәртібіндегі батыл қадамдар жасалды деуге толықтай негіз бар. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы 365 күнде президент тікелей бастамашысы, қатысушысы болған басты саяси үдерістер мен шешімдердің талдамалық шолуын дайындады.
АЭС салу бойынша референдум
2024 жылдың 6 қазанындағы референдумда сайлаушылардың 69,8 %-ы атом электр станциясын салуды қолдады. Бірақ Қазақстанда АЭС-ті қай компания салатын белгісіз. Қазақстандық қоғам арасында АЭС салу бойынша референдумге жөнсіз көп қаржы жұмсалды деген пікірге қарамастан, белгілі ғалымдар мен сарапшылар АЭС-тің маңызын толық түсіндіріп берді. Бұны жіті түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев энергетикалық дағдарыстың алдын алуды жоспарлап та қойды. Қазіргі таңда EDF (Франция), CNNC (ҚХР) және KHNP (Корея) компанияларының ұсынысы салыстырмалы сараптамадан өтіп жатыр. Ал «РосАтом» жайлы көпшілік арасында айтылған әңгіме әзірге ешбір негізге сай емес.
Оған қоса Президент өте маңызды жайтқа тоқталып, Қазақстанның энергетика саласында бағытын айқындап берді. Сөйтіп, әлемнің дамыған елдері бет бұрған жолды таңдады. Ол климат саммитінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына жету стратегиясын жоспарлағанын нақтылады, ал Methane Pledge аясында 1990-2021 жылы метан шығарындылары екі жарым есе қысқарғанын мәлімдеді.
ҚҚС 16 пайыз
Иә, елімізде ҚҚС-тің жаңа мөлшерлемесі 16% болып белгіленді, ал міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұны сынап, қарсы шыққан депутаттар да, бизнес өкілдері де болды. «Баға қатты өседі», «Бәрі сұмдық болады» деп дабыра қылғандар ақпараттық кампанияның жалған сөзіне ере кетті. Шын мәнінде, ҚҚС-ті 16% қылу дұрыс шешім екенін және қазіргі уақытта қажет шешім екенін экономистер дәлелдеп те берді. Осы «жаңа мөлшерлеме» аясында жаңа Салық кодексіндегі бір жайт елеусіз қалды. Ол – мүгедектігі бар адамдардың жеке табыс салығынан босатылуы және мүгедек жандарды жұмысқа алған ұйымдардың салықтан айтарлықтан жеңілдік алуы. Мәселен, мекемеде жұмыс істейтін жұмысшылардың жартысы мүгедектігі бар жандар болса, аталған мекеме ұжымдық табыс салығынан жүз пайыз босатылады. Бұл сонда бір жағынан, мүгедек жандарды қоғамның дұрыс қабылдап, еңбек етуіне жағдай жасаса, екінші жағынан, бизнесін адал жүргізгісі келетіндерге үлкен мотивация болды.
Көпвекторлы дипломатия
Дипломатиялық академияда «құрметті профессор» атағын баяғыда-ақ алып үлгерген Президент өзінің шын дипломат екенін әлі де дәлелдеп келеді. Әрине, кейбір азаматтық белсенділер оны «сыртқы саясатқа көп көңіл бөліп кетті, ішкі мәселеміз жайына қалды» деген сыңайда сынағандай болады. Бірақ жаһандық қауіп-қатерлердің артуы, мәселен, әлі де ұзаққа созылған Ресей-Украина жағдайы, Үндістан мен Пәкістан соғысы, Қытай мен АҚШ-тың «сауда соғысы», Ауғанстандағы «біртүрлі» заңдардың болуы – осының бәрі де сыртқы саясаттың біртұтас, бүтін екенін көрсетіп отыр. Әлем ортақ, жер ортақ, ендеше халықаралық қатынастағы кейбір принциптер де бір мүддеге ортақтасуды көздейді. Сол себепті бұндай аумалы-төкпелі заманда кез келген мемлекетпен емін-еркін диалог орната алатын Президенттің әрекеті – сынауға емес, түсінуге болатын жайт. Сонымен көп созбай, былтыр Президенттің қатысуымен өткен бірқатар халықаралық іс-шараларға тоқтала кетейік.
«Салтанат заңы» – тұрмыстық зорлықты қылмыстық іске ауыстыру кейсі
Былтыр, яғни, 2024 жылдың 15 сәуіріндегі заңнамалық түзетулер әйелдер мен балаларды қорғаудың күшейтті. Заң негізінде бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келген ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Енді тұрмыстық зорлық фактісі дәлелденген сәтте-ақ қылмыстық іс қозғалады, ал кибербуллинг жеке құрамдас ретінде енгізілді. Осылайша жылдың бірінші тоқсанда 3 468 іс тіркеліп, 214 айыпталушының жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Бұл туралы шетелдік тәуелсіз халықаралық ұйымдар да жазып, бейкүнә Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамда қалай қызу талқынғанында еске салды. Сол себепті тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялайтын заң қоғамдық талқыда «Салтанат заңы» деп те аталып кетті.
Ұлттық құрылтайда сөз болған заңдар
Былтыр Ұлттық құрылтайда көтерілген әлеуметтік түйіткілді мәселелер бойынша кемінде үш ірі заңға қол қойылды. Олар – тұрмыстық зорлық-зомбылық, вейптерге тыйым салу және мемлекеттік наградалар жөніндегі өзгерістер. Сонымен қатар тағы заңнамалық екі пакет бар. Олар – құмар ойын мен есірткі айналымын қатаңдату. Бұл да Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті.
Cонымен қатар, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арқалықтағы инфрақұрылымға ерекше назар салды. Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзал салынатын болды. Сондай-ақ Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталады.
Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба, — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.
Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес, — деді Президент.
ШЫҰ саммиті – Астана, 2024 жылдың 3-4 шілдесі
Мұнда 25 құжатқа қол қойылып, «Энергия-2030» стратегиясы бекітілді. Саммит аймақтық көлік-логистика тораптарын әртараптандыруды жаңа деңгейге шығарды. Шілдедегі жиынның Астанада өтуінің өзі кездейсоқтық емес, Президенттің беделіне қарай болған іс-шара деп бағалауға болады.
Францияға мемлекеттік сапар – 2024 жылдың 4-5 қарашасы
EDF-пен атом энергетикасы жөніндегі жол картасы, Alstom-мен 135 локомотивті жергілікті ету туралы келісім жасалды.
РФ президентінің сапары және экономикалық форум – 2024жылдың қараша айы
Мәскеу-Астана өңіраралық форумында 23 екіжақты келісім бекітілді, оның ішінде энергетика және көлік дәліздері жөніндегі ұзақ-мерзімді жобалар бар.
ҚХР-мен стратегиялық серіктестік жаңартылуы
2025 жылдың наурыз айында ҚКП Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесуде «мәңгілік жан-жақты серіктестік» мәртебесі жаңартылып, индустриялық-инновациялық кооперация тереңдетілетіні жарияланды.
ЕО–Орталық Азия бірінші саммиті – Самарқанд, 2025 жылың 4 сәуірі
Еуроодақ €12 млрд «Gateway» инвестициялық пакетін жариялап, жасыл энергия мен цифрлық байланысты қамтыған жаңа әріптестік кезеңін бастады. Бұл – «жасыл экономикаға» енді ғана қадам басқысы келіп отырған біз сияқты мемлекетке үлкен қолдау.
Әбу-Даби форумы – 2025 жылдың 11-12 мамыры
БАӘ-мен 22 келісім, құны $5 млрд-тан астам жобалар бекітілді. Басым бағыттар нақты. Олар – энергетика, агро-технология және көлік-логистика.
Сонымен соңғы бір жылда Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі институционалдық реформаны, экономикалық ашықтықты, көпвекторлы сыртқы саясатты бір арнаға тоғыстырды деп айта аламыз. Себебі Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы жалаң сөз болмады. Бұны халықаралық саясаттан хабары бар жанның барлығы дерлік шын ұғып отыр. Өйткені сол бір тұжырымдама нақты заңдармен, рекордтық инвестициямен және халықаралық келісімдермен бекітілді. Алайда әлеуметтік теңсіздік, тариф реформасы, су-энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдер алдағы кезеңде саяси күн тәртібінде қалатыны анық. Мәселе жоқ демейміз, бар дейміз. «Ауруын жасырған өледі, біз ауруымызды жасырмаймыз» дегенді Президент жиі айтады. Сондықтан да салыстырмалы түрде Қазақстан ашықтық принципін ұстана отырып, озық мемлекеттердің қатарына ілескісі келетініне көзіміз жетіп отыр. Сондықтан Президенттің 72 жасқа толуы – жеке мерекеден гөрі, осы реформалардың тиімділігін бағалайтын аралық меже. Әр межені өз қалауымша бағындырып, алға қадам баса беруді ниет еткен жайымыз бар.