Үкімге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап оның қамауда отырған әрбір күні қауіпсіздігі орташа мекемеде бір жарым күнге теңестірілетін болды.
Астанада бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Бұл туралы елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы. Судья Қанат Тобағалиұлының төрағалығымен өткен процесте Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы («Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметке орала алмайды. Үкімге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап оның қамауда отырған әрбір күні қауіпсіздігі орташа мекемеде бір жарым күнге теңестірілетін болды. Форум қаржысына байланысты іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу материалдарына сәйкес, Ерлан Қожағапанов пен «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің директоры Ләззат Көккөзова 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің 15-өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсады деп айыпталған. Тергеу мәліметінше, олар форумға арналған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл – мемлекеттік қаражатты аса ірі көлемде жымқыруға алып келген. Көккөзова 5 жылға сотталды Іс бойынша екінші сотталушы — Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемденіп алу немесе ысырап ету») бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Судья қосымша жаза ретінде оған 7 жыл бойы форум ұйымдастырумен айналысатын коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салды. Айыптаушы тараптың ұстанымы Бұған дейін прокурор Ерлан Қожағапановқа 7 жыл, ал Ләззат Көккөзоваға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Алайда сот олардың әрекеттеріне қатысты түрлі факторларды ескере отырып, неғұрлым жеңіл жаза тағайындады.