Жалғыз ұлымен бірге тұрды. Ұлы оқуын бітірді.
Шарм-эль-Шейх әуежайында қаза болған Ақмарал Мұқанованың таныстары шетелде жалғыз қалған марқұмның ұлына елшіліктен көмек керек екенін мәлімдеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мысыр елінде қаза болған Ақмарал Мұқанованың жақындары денені туған жері Ақтөбе өңіріне әкеледі деп күтіп отыр. Таныстары шетелде жалғыз қалған марқұмның ұлынан кешеден бері хабар алмаған.
Бала кезден бірге өскен құрбысы бүгін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
“Алғашында қайғылы хабарды желіден көргенде ол деп ойламадым. Түстен кейін баласы "анамнан айырылым қалдым" деп жазды. Бірер күн бұрын өзі "демалыстамын, жақсымыз" деп хабарлама жіберген. Қазір баласы сол жақта жалғыз. Ол 22 жаста. Кеше хабарласып едім, бүгін байланыс жоқ. Елшілік көмектесеміз деп еді, бірақ айтпады. Әзірге тергеу жүріп жатыр. Оның денесін Ақтөбеге әкеледі. Туған жері осы жер. Үкімет, елшілік көмектессе екен дейміз. Себебі бала ол жақта жалғыз қалды әрі жас”, – деді құрбысы Венера Ысқақова.
Фото: Венера Ысқақованың жеке архивінен
Полиция департаментінен зейнетке шыққан марқұм Ақмарал Мұқанова Астанаға 3 жыл бұрын көшкен. Полиция подполковнигі зейнетке шыққан соң ұлымен бірге жиі саяхатқа шыққан.
“Ақмарал екеуміз Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туып-өстік, мектеп бітірдік. Оқу бітірген соң ол ішкі істерде жұмыс істеп, зейнетке шықты. Кейін Астанаға көшіп кетті. Жалғыз ұлымен бірге тұрды. Ұлы оқуын бітірді. Саяхаттағанды жақсы көретін еді. Ата-анасы да осы жақта”, – деді Венера Ысқақова.
Марқұмның ұлы қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасайтынын айтты. Бірақ видео мәлімдеме жақындарына әлі келмеген.
Бұл мәселеге қатысты Қазақстанның Египеттегі консулдығы жауап берді.
“Консул жан-жақты көмек көрсетіп жатыр, туыстарымен байланыста. Барлық шығынды сақтандыру компаниясы өз мойнына алады”, – деп пікір білдірді елшілік.