Облыстық бюджетте білімге бөлінген қаржы биыл 16,9 пайызға артқаны (2025 жылғы 22 қаңтардағы дерек) ашық есепте әдемі көрінеді, бірақ қаржының соңғы жұмсалу нүктесінде кім бақылау жасайтыны – жауапсыз сұрақ күйінде ғана қалып отыр.
Қызылордада жуырда ғана облыстық прокуратура жария еткен талдау жергілікті бюджет қаражатын игерудің «ақтаңдақтарын» анық көрсетті. 50 миллион теңгені қызметтік іссапар мен жалақы қорынан жеке шотына аударған «Дарын» қосымша білім беру орталығының бас есепшісі – біз білетін бір ғана дерек және мәселенің беткі қабаты ғана. Марқұм Бердібек Сапарбаевтың кезінде қызметі өсе бастағанда көтерілген туыстары – бүгінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Нұрлыбек Нәлібаевтың кейбір «әрекеттері» сау адамды сан түрлі ойға жетелейді. Бұл жолы сол Нәлібаев басқаратын Қызылорда облысындағы маңызды мәселелерге тоқталып, оған әкімнің қандай жауапты екенін сөз етеміз. Осыған дейін қазақ қоғамында «тоғыз милиионның сағатып тағып, журналистен қашып жүрген» деген атаққа ие болған әкімді қазір мақтайтындар көп. Десе де облыстағы ахуал оны «мақтауға» мүмкінді берер емес. Керісінше соңғы уақытта Нәлібаев арзан пиарға ұрынғанға ұқсайды...
Білімдегі былық: 543 миллионның ізі
Прокуратура деректерін тереңдеткенде, Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы мен бухгалтері 543 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінгені белгілі болды. Бұл іс осыдан екі жыл бұрын ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп еді. Яғни облыстағы білімге қатысты мәселе бүгін ғана пайда болған емес. Мәселен, Нәлібаев әкім қызметіне 2022 жылы келсе, бір жылдан кейін-ақ осындай мәселе туындады. Әрі одан кейін облыс сондай жүйелі «мәселеге» ұшырасып отырған. Демек бұл нені білдіреді? Бұл – «сыни ойлау» мен «цифрлық сауаттылық» деп дабырлаған реформа қаржысыз емес, бақылаусыз қалып отырғанын көрсетеді. Облыстық бюджетте білімге бөлінген қаржы биыл 16,9 пайызға артқаны (2025 жылғы 22 қаңтардағы дерек) ашық есепте әдемі көрінеді, бірақ қаржының соңғы жұмсалу нүктесінде кім бақылау жасайтыны – жауапсыз сұрақ күйінде ғана қалып отыр.
Спорт басқармасы: сотталған шенеунік, тозған сенім
Нәлібаев билікке келген кезден көп өтпей-ақ «былық» басталды. «Жастарды қолдайық» деген ұран спорт саласын да айналып өтпеді. Алайда 2022-де облыстық спорт басқармасының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталып, 5 миллион теңге айыппұл төлегені ресми тіркелді. Бұл оқиға кейінгі кадрлық тағайындауларды «таза парақтан бастаймыз» деп ақтағанымен, салада қалыптасқан сенім дағдарысын жоя алмады.
Жол мен мердігер: асфальт астындағы күдік
Облыс тұрғындары үшін жол тақырыбы – әлеуметтік желідегі тұрақты шағым. 2022 жылғы тамыздағы «мердігерлер кепілді мерзімге жеткізбейді» деген сын әлі күнге толық сейілмеді. Жауаптылар тендердің орталықтандырылған түрде өткізілуін алға тартады, бірақ «ҚазАвтоЖолдың» филиалдары мен жергілікті техникалық қадағалау арасында жауапкершілік бөлінісі бұл риториканы жоққа шығарады.
Сонымен қатар Ислам даму банкі қаржыландырып отырған Қызылорда айналма жолының құны мен мерзімі жөніндегі ашық ақпарат әлі толық жарияланған жоқ. Бұл азаматтық қоғамға да, отандық БАҚ-қа да бұлыңғыр тақырыпқа айналды. Себебі халықаралық қарыз есебінен салынатын инфрақұрылым үшін облыс кейін қанша төлейтіні түсініксіз болып тұр.
Сатып алудың «бір көзден болу» синдромы
Облыстық ішкі саясат басқармасының ресми есебі 2024 жылы 44 сатып алу лотының жиырма екісі баға ұсынысын сұрату, жетеуі әлеуметтік тапсырыс, ал ашық конкурс мүлдем болмағанын көрсетеді. Ашық бәсеке жоқ жерде бағаның іріктелуі, сапаның кепілдігі – беймәлім аймақ. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң 2024 жылдың 1 шілдесінде күшіне енсе де, «ерекше тәртіппен» тікелей шарт жасасу өңір тәжірибесінен әлі өшкен жоқ.
Бюджет көлемі өсті, нәтиже қайда?
Үкіметтің шолу жасаған есебіне сүйенсек, Қызылорда облысының бюджеті 2022-мен салыстырғанда 5 есе ұлғайған. 2024 жылдың тоғыз айында өңірге 296,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, жыл соңына дейін жарты триллион теңгеден асуға тиіс еді. Қағаз жүзіндегі өсу қарқыны жоғары болғанымен, прокуратура талдауы көрсеткендей, қаржының түпкі тиімділігі мен заңдылығы әлі күмәнді. Ал билікте жүріп «беделді туысы» арқылы көтерілген әкімдер сол «күмәнді» әлі де қоюлатып, былық шығара беретініне көбірек илануға тура келеді.
Жастар саясаты: статистика сөйлей ме?
Әкімдік есебі бойынша 2024 жылы 30 мың жаңа жұмыс орны ашылған, жастар жұмыссыздығы төмендеді делінеді. Бұны өңірлік БАҚ-қа әкімдік әдеттегідей «айғайлатып», «сүйінші сұрап» береді. Алайда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің 2025 жылғы 31 наурыздағы динамикалық кестесінде жастар жұмыссыздығы 15-34 жас аралығында 6-7 пайыз шамасында тұр. Бұл – Ұлттық бюро статистикасының «рәсми» көрсеткіші, ал өңірдегі жұмыссыз жастар қатарынан «өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар» саны бөлек саналады. Жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейтінін облыстың ішкі саясат басқармасы айтады, бірақ бұл орталықтардың нақты нәтижесі, яғни жұмысқа орналасқан немесе кәсіп бастаған жастардың үлесі ашық көрсетілмеген. Облыстағы «жастар саясаты» жасқа да, кәріге де ашық емес.
Инвестиция мен индустрия: жарысы көп, жемісі аз
2024 жылдың қаңтар-ақпанында өңдеу өнеркәсібінің өсімі жөнінен облыс алдыңғы қатарда тұрғанымен, өңірдегі ірі жобалардың басым бөлігі – шыны, цемент, қысымдалған газ секілді шикізатқа тәуелді өндіріс. «Өндіріс көлемі өсті» деген есеп инфляция мен ұлттық валюта бағамының әсерін ескермейді. Себебі нақты сектордағы қосымша құн мөлшері шектеулі күйінде қалып отыр.
Әкімнің жауапкершілігі
Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың басында қызметке келген соң «ашық әкімдік» тұжырымдамасын ұсынған. Бірақ жоғарыдағы деректер реформа аясында құрылған бақылау-мониторинг тетіктерінің толық игерілмегенін байқатады. Облысты дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған бағдарламасында жұмыссыздықты 4,6 пайызға дейін қысқарту межесі қойылған, алайда орта мерзімді индикаторлардың орындалу-орындалмауы жөнінде ашық талқылау жоқ.
Жүйелі өзгеріс қажет
Ал енді тақырыпқа шығарған сұрағымызға жауап беріп көрейік. Қызылорда облысындағы соңғы үш жылды сараласақ, бірнеше ортақ түйін шығады. Олар: саладағы жүйесіздік, білімдегі салғырттық, аса көлемдегі халық қазынасын тонайтын жемқорлық және ең бастысы, әкімнің «жауапсыздығы». Бұған дәлел – облыстағы «жүйелі» жасалатын парақорлық, шешімін таппаған бірнеше күрделі мәселе.
Жалпы Қызылорда облысының бюджеттік тарихы соңғы үш жылда қарқынды «көбейген» қаржы мен сол қаржының айналасындағы бақылау дефицитінің тарихы болып отыр. «Дарыннан» басталған 50 миллион теңгелік қылмыс – жүйелік кемшіліктің симптомы ғана. Білімдегі 543 миллиондық жымқыру, спорт басқармасының пара ісі, сапасыз жолдар мен бір көзден жасалған келісімшарттар – барлығы облыс әкімі уәде еткен реформалардың қағазда ғана қалғанын аңғартады. Ал облыстағы жұмыссыздық пен экологиялық жағдай жайлы әзірге жақ ашпай қояйық. Оны айтсақ, көзден жас емес, «қан» сорғалайтындай күй кешеміз...
Сонымен айтпағымыз не? Нақты өзгеріс жасалмаса, бюджет те, инвестиция да «құр мақтаннан» басқа нәтиже бермейді. Ал аймақтағы кез келген «теңгенің тағдыры» ақыры салық төлеушінің мойнына жүк болып түсетінін ұмытпау керек.