27.05.2025, 22:30

Алагөзөв мырза үй берді екен деп қазақ тілін талап етушілер пафосшыларға айналдық - Айсәуле Әбілдә

Фото: коллаж Sn.kz

Енді қазақ тілінің бұл қоғамда құны болмағандықтан таза қазақ тілділер жөнді бизнес жасап, байып кете алмай жүр емес пе?

Соңғы күндері әлеуметтік желіде бір компанияның қызметкерлеріне үй сыйлағаны кеңінен талқыланып жатыр. Алайда осы қуанышты оқиға кейбіреулердің қазақ тіліне қатысты ішкі ұстанымын ашып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы “Оян қазақ!” фильмінің бас продюсері Айсәуле Әбілдә әлеуметтік желіде пікірін білдірді.

"Алагөзөв мырза үй берді екен деп қазақ тілін талап етушілер пафосшыларға айналдық. Орыс тілділер салық төлеп отыр, тірлік істеп жатыр, қазақ тілділер тіл деп құр шөппен ауыз сүртеді дегенге саятын бірнеше пікір оқып қалдым. Енді қазақ тілінің бұл қоғамда құны болмағандықтан таза қазақ тілділер жөнді бизнес жасап, байып кете алмай жүр емес пе? Бүкіл айналым, құжат тілі орыс тілінде жүрсе, сол тілдің өкілдері аяққа бірінші тұрмай ма? Сосын тілді талап етуді пафос деп айыптауды қашан қоясыңдар? Бұрын Шаханов атамыз шырылдайтын, қазір бір тұлғасы да қалмаған тіл жайын көтеруді бос сөз деп айыптағаннан қандай пайда сіздерге? Қазақ тілін біреуге үй берсек қана талап ете аламыз ба сонда? Алагөзөв мырзаның бұл ерлігін тілге қатыссыз-ақ мәрттік деп бағалаймын және сол жерде жұмыс істеп жүріп, үйлі болған 100 отбасыны шын жүрегіммен құттықтаймын! Бір жерде 19-20 жыл жұмыс істеу нағыз табандылық. Солардың басым көпшілігі қарапайым қазақтар. Үйлері береке мен бақытқа толсын! Айтпақшы, ол компанияның өнімін сатып алып отырған да сол қазақтар, сондықтан біреуді көтеру үшін басты құндылығымызды құрбан етуді қойыңдар, жолдастар!", - деді Айсәуле Әбілда.