Сот Астана уақытымен сағат 12:00-де басталады.
5 маусым күні Черногорияда «Не молчи» қорының негізін қалаушы Динара Смаилованы экстрадициялау мәселесі бойынша сот отырысы өтеді. Бұл жөнінде қазақстандық құқық қорғаушылар хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сот Астана уақытымен сағат 12:00-де басталады.
Бұған дейін, 15 сәуірде Черногория соты Смаиловаға қатысты бұлтартпау шарасын қараған болатын. Ол бір түнге қамауға алынып, келесі күні босатылған. Сот оны қамауға алу туралы өтінішті қанағаттандырмаған.
Смаилованың адвокатының айтуынша, егер сот экстрадиция туралы шешім қабылдаса, оған апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндік бар. Апелляциядан кейін түпкілікті шешімді Черногорияның әділет министрлігі қабылдайды.
Қазақстанда Смаиловаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу органдары оны қор жұмысына жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланды деп айыптауда. Өз кезегінде Смаилова бұл айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар екенін айтады. Оның пікірінше, билік оны елге қайтару үшін кез келген себепті пайдалануға тырысып отыр.