04.06.2025, 16:30

59 теңгелік парацетамол 144 теңгеге сатылып жатыр: Фарма-мафияны кім тоқтатады?

Фото: видеодан скриншот

"Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді".

Қазақстанда бір дәрінің бағасы әр дәріханада 3-5 есеге дейін өзгереді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Отандық зауыттар дәріні елде сатылмайтын шетелдік аналогпен салыстырып, соған қарап өз бағасын белгілейді. Соның салдарынан кейбір отандық дәрілер түпнұсқадан да қымбатқа шығып отыр.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, парацетамолдың зауыттағы бағасы — 59 теңге. Ал дәріханаларда ол 144 теңгеден сатылып жатыр. Бұдан да сорақысы — кей дәріханаларда бюджет есебінен алынған тегін дәрілер сатылып жатыр.

“Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Отандық зауыт елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, соған байланыстырып, өз шығындарымен бағасын есептеп, дәрінің бағасын көтеріп бекітіп алады. Сөйтіп, отандық дәрілерді оригиналмен салыстырсақ, көптеген жағдайда түпнұсқадан да қымбат болып шығады. Мысалы, парацетамолдың зауыттан шығатын бағасы Ресейде 59 теңге, Қырғызстанда 90 теңге, ал бізде 144 теңге. Ең сұмдығы кейбір дәріханаларда бюджет қаражатына сатып алынған тегін дәрілер анықталған”, - деді ол.