Оны байқаған тұрғындар таспаға түсіріп, шошынғандарын жасырмады.
Бүгін 5-маусым күні Астана қаласының аспанынан сағат шамамен 22:00 шамасында белгісіз нысандар ұшып өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оны байқаған тұрғындар таспаға түсіріп, шошынғандарын жасырмады. Әзірге не екені белгісіз.
Соңғы ақпараттарға сүйенсек, мұндай ерекше құбылыс тек елордада ғана емес, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Бурабай, тіпті Бішкек пен Ташкент қалаларында да байқалған.
Желі қолданушылары түрлі болжамдар айтуда: біреулер метеорит десе, енді бірі зымыран қалдықтары немесе ғарыштық қоқыс болуы мүмкін дейді. Кейбіреулер бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне (ПВО) қатысы бар деп топшылайды.
Адамдарды ең алаңдатқаны – бұл нелер және егер жанып кетпесе, қайда құлауы мүмкін?
Белгісіз құбылысқа қатысты Қорғаныс Министрлігі мәлімдеме жасады.
"Қазақстан Республикасы аумағында әуе кеңістігінің бұзылу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің толық бақылауында. Халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған құбылыс атмосфераға еніп жатқан ғарыштық аппараттардың қалдықтарына немесе метеор ағынына ұқсайды. Мұндай нысандар, әдетте, атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кетіп, жерге жетпейді. Азаматтардан сабыр сақтауды және расталмаған ақпарат таратпауды сұраймыз. Құзырлы органдар бұл құбылысты зерттеп жатыр және қажет болған жағдайда ресми түсініктеме береді", - делінген хабарламада.