18.06.2025, 12:00

«Димашпен дуэт орындауды қалайды»: Әнімен сүйсінткен 8 жастағы алматылық арманын айтты

Фото: "Хабар" телеарнасынан

Әділ үш жасынан бастап вокалмен айналысады.

8 жасар Әділ Бектұрсын әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті. Жас алматылық Димаш Құдайбергеннің "Шаршаған аққулардың махаббаты" әнін орындап, жүректерге жол тапты. Оның өнер көрсеткен сәті түсірілген бейнежазба шамамен екі миллион қаралым жинаған. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы "Хабар" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әділ үш жасынан бастап вокалмен айналысады. Ата-анасы баласының танымалдылығының мұншалықты тез өсетінін күтпеген екен. Бірде отбасымен Астанада серуендеп жүргенде олар кездейсоқ көше музыканттарына кезігіп қалады. Сол сәтте Әділ сахнаға шығып, өнер көрсетуге бел буады. Әділдің айтуынша, сахнадан кеткісі келмей, әлі де ән айтқысы келген.

"Ән айттым, содан кейін анам маған Алматыдағы Арбатты көрсетемін деп уәде берді. Ол жерде де көше музыканттары бар екен. Астанадан оралған соң анам мені Арбатқа апарды, сол жерде ән айтып көрдім, бәріне ұнады", – деді Әділ Бектұрсын.

Әділ фортепиано ойнауды үйреніп жүр, вокалмен айналысады және бес жылдан бері түрлі байқауларға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. 

Анасы Мақпал Тұрысбекова ұлының бойындағы музыкалық қабілетті ерте байқап, оны ұстаздар көмегімен дамытуға шешім қабылдаған.

"Кішкентай кезінен музыкаға қызығушылық танытатын. Уақыт өткен сайын бұл қызығушылық күшейе түсті. Қазір ол кез келген жерде үйде, көлікте, көшеде ән салып жүре береді. Біз оны музыка мектебіне бердік, сол жерде ұстазы Димаштың әндерін үйреніп көруді ұсынды. Басында қобалжыдық, қолынан келе ме деп. Бірақ Әділ жақсы орындап шықты. Оның басқа да қызығушылықтары бар, бірақ музыка – бірінші орында. Тіпті демалыс кезінде де жаңа әндерді өз бетінше жаттап жүреді", – деді балақайдың анасы Мақпал Тұрысбекова.

Жасына қарамастан, Әділдің армандары биік. Ол сүйікті әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, онымен дуэт орындауды қалайды. Сонымен қатар композитор болуды армандайтын көрінеді. Бұған дейін ол патриоттық әндер орындаған, ал қазір сүйікті әндерінің қатарында "Your Love", "Шаршаған аққулардың махаббаты", "Знай" бар.

"Маған Димаш ағаның әндері ұнайды, өйткені ол ерекше, әдемі дауыспен ән айтады. Өзім де музыка шығарғым келеді. Адамдар сол әндерді тыңдап, демалып, шабыт алса екен деймін", – деді Әділ Бектұрсын.