18.06.2025, 22:30

Астанада балабақша қызметкері бүлдіршіндерді жарты жыл бойы ұрған (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Ата-аналар балабақша ұжымының толық жұмыстан кетуін талап етуде.

Астанадағы мемлекеттік «Гүлдер» балабақшасында шулы жанжал шықты. Желіде тараған бейнежазбада тәрбиешінің көмекшісі бүлдіршіндерді ұрып-соғып, балағаттап жатқан сәті анық көрінеді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, ата-аналардың ашуын туғызды. Ең сорақысы – әріптестері бұл жағдайға бейжай қарап, шара қолданбаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Полиция қазіргі таңда 65 жастағы тәрбиеші көмекшісіне қатысты Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша іс қозғаған. Бейнежазбаларда үш күннің ішінде бүлдіршіндерге 19 рет қол көтергені тіркелген. Оның 15-і бір ғана баланың үстінен өткен.

Зардап шеккендердің бірі – Наталья Горняваның 2 жарым жастағы ұлы. Бала былтырдан бері осы балабақшаға барып келгенімен, соңғы айларда жылап, барғысы келмейтін болған. Натальяның айтуынша, бұл баласы – жиырма жыл күткен жалғыз перзенті. “Баламның басынан ұрған. Бұл – ең нәзік жер. Жүрегім қан жылады”, – дейді анасы.

Бұдан бөлек, басқа ата-аналар да шағымдарын білдірді. Назым Қасенованың да баласы жәбір көрген. Оның сөзінше, балабақша методисті тәрбиешінің көмекшісін қорғаштаған. «Оны қалай жұмыстан шығарамыз? Ондай жалақыға кім келеді?» деген уәж айтқан. Сонымен қатар, әдіскердің күдіктімен бұрыннан таныс болуы мүмкін деген пікір де айтылып отыр.

Ата-аналар тарапынан қызметкерлер арасында тамыр-таныстық болуы мүмкін деген күдік бар. Балабақшада барлық бөлмеде камера орнатылмағаны да жағдайды ушықтыра түсті.

№21 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Самал Ермағанбет бұл деректі растады. Оның айтуынша, тәрбиешінің көмекшісі қызметінен босатылған, ал видео жазбалар мен тиісті мәліметтер құқық қорғау органдарына жолданған.

Астана қалалық білім басқармасы да жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ата-аналар тек бір қызметкерді емес, бүкіл балабақша ұжымын жұмыстан босатуды талап етуде. Олардың айтуынша, бұл жағдайға жол бергендердің барлығы жауапқа тартылуы тиіс.