19.06.2025, 11:20

Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру кезінде мектептің төбесі опырылып түсті

Фото: kazinform.kz

Мектеп ғимаратының салынғанына 40 жылға жуықтаған.

Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру кезінде № 9 мектептің төбесі құлап кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мектеп директоры Гүлден Аленованың айтуынша, акт залының төбесі ішінара құлаған. Салтанатты іс-шара соңына таяп, оқиға кезінде барлық түлек соңғы әнді айтуға сахнаға шыққан. 

“Бүгін 57 түлек аттестат алды. Балалардың барлығы сахнада болған еді. Сексен шақты ата-ана болды. Ал акт залының төбесі құлаған арт жағында ешкім болған жоқ. Төбені қаптаған "армстронг" плитасы құлады. Қазір тексеріліп жатыр, соның нәтижесі бойынша шара қолданылады”, – дейді мектеп басшысы.

Мектеп ғимаратының салынғанына 40 жылға жуықтаған.

1,5 мың оқушы оқитын білім ордасында осы аптада ағымдағы жөндеу жұмысы басталуы тиіс болатын. Ал акт залының төбесі бұл плиталармен бес жыл бұрын қапталған екен.