Енді табыс артқан сайын, төленетін салық мөлшері де көбейеді.
Қазақстанда Салық кодексі түбегейлі жаңармақ. Сенат қаржы және бюджет комитеті жаңа құжатты екі оқылымда мақұлдап, бірқатар баптарына өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Енді қарапайым халықтан бастап, ірі кәсіпкерлер мен бай азаматтарға дейін салық саласындағы жаңа талаптарға бейімделуге мәжбүр болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Не өзгереді? Неге назар аудару керек?
Прогрессивті салық шкаласы енгізіледі
Енді табыс артқан сайын, төленетін салық мөлшері де көбейеді.
Жеке тұлғалар — жылына 8500 АЕК-тен (шамамен 33,4 млн теңге) асатын табысқа — 15 %;
Дивидендтер — 230 000 АЕК-ке (904,4 млн теңге) дейін — 5 %, одан жоғары — қосымша 15 %;
Жалпы режимдегі жеке кәсіпкерлер — 904,4 млн теңгеге дейін — 10 %, одан асса — тағы да +15 %.
Сән-салтанат салығы пайда болады
Елімізде байлыққа салық салу дәуірі басталуы мүмкін.
Құны 75 млн теңгеден асатын көліктер — 10 % акциз төлейді;
100 млн теңгеден асатын яхта мен ұшақ — 10 %;
Жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік — әр нысанға 2 % мүлік салығы.
ҚҚС өседі, бірақ әлеуметтік тауарларға жеңілдік бар
Негізгі ставка 12 %-дан 16 %-ға өседі;
Дәрі-дәрмек пен әлеуметтік азық-түлікке — 2026 жылы 5 %, 2027 жылы — 10 %;
Медициналық көмектің кейбір түрлері бұрынғыдай ҚҚС-тан босатылады;
ЭСФ арқылы автоматтандырылған бақылау енгізіліп, салықты қайтару оңайлайды.
Жалпыға бірдей декларация жеңілдетіледі
Егер азаматтың Қазақстанда не шетелде құны 20 000 АЕК-тен (шамамен 78,6 млн теңге) асатын мүлкі болмаса — ол декларация тапсырмайды. Бұл қарапайым халыққа үлкен жеңілдік болуы мүмкін.